Саясат
2 мин оқу 356

Серпінді стратегиялық серіктестік

<p style="text-align: justify;">Елбасы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдады, деп хабарлады Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі.</p>

Серпінді стратегиялық серіктестік

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының елшісін Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтап, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы Си Цзиньпинге жылы лебізін жолдады.

– Бүгін Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығы аталып өтілуде. Төраға Си Цзинь­пин­ді және барша қытай халқын осы ай­тулы күнмен құттықтаймын! Осы жылдар ішінде Қытай Ха­лық Республикасы алға қарай үл­кен қадам жасады. Ком­му­нис­­тік партияның жоспары Қы­тайдың әлі де нығайып, дами бере­ті­нін көрсетіп отыр, – деді Қа­зақ­стан­ның Тұңғыш Пре­зи­денті.

Елбасы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің да­муы­ның оң қарқынын атап өтті.

– Қытай Халық Республикасы әлемдік ауқымдағы қуатты мемлекетке айналды. Экономикасы дүние жүзі бойынша екінші орында және технологиялық даму дең­гейі жоғары. Кедейлікпен күрес мәсе­лесінде де Қытай үлкен қадам жасады. Мен әрдайым біз­дің қарым-қатынасымызды қол­дап келемін. Мәңгілік жан-жақ­ты стратегиялық серіктестік екі ха­лықтың игілігі үшін жұмыс істей береді. Қазақстанның Қы­тай Халық Республикасымен ынты­мақ­тастығы – мемлекетаралық қатынастың жарқын үлгісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Қытай Халық Рес­публикасының елшісі Чжан Сяо Елбасына құттықтауы үшін алғысын білдіріп, 1 шілде – Қытай Коммунистік партиясының мүше­лері үшін ең ерекше әрі ұмы­тылмас күндердің бірі екенін айтты.

– Сізге байырғы әрі жақын досыңыз Төраға Си Цзиньпиннің ең ізгі тілегі мен ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Сіздің 6 шілдеде өтетін Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысу туралы шешіміңізді жоғары бағалаймыз. Бұл – өте маңызды оқиға. Оған Сіздің қа­­ты­­суыңыз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын дамытуға және Қытай Коммунистік пар­тия­сы мен Nur Otan арасындағы пар­тия­аралық байланысты арт­тыруға серпін берері сөзсіз, – деді Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі.

Бөлісу:
Серпінді стратегиялық серіктестік · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар