Өрттен зардап шеккен ұлытаулықтарға қандай көмек көрсетіледі?

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Ұлытау ауданында дала өртінен зардап шеккен азаматтардың қайсысына және қандай қолдау көрсетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша аудандық комиссия жұмыс істейді. Ауданда барлығы 39 жер пайдаланушы зардап шеккені белгілі болды. Олардың жайылымдары өртеніп кеткен. Сондай-ақ бір шаруа қожалығының басшысы 318 бас малынан айырылған.
Серік Шайдаров фермерлермен, оның ішінде малы қырылған шаруа қожалығының басшысы Сағынтай Әбдібековпен кездесу барысында тәуелсіз сарапшы шығынды бағалайтынын, сонан кейін нарықтық құны бойынша өтемақы төленетінін түсіндірді.
Ал фермер Сағынтай Әбдібеков көмектесуге уәде беріп, қол ұшын созған атқарушы билік өкілдеріне алғыс айтты.
– Мен мал шаруашылығымен 1996 жылдан бері айналысамын. Осындай жағдай біздің фермада алғаш рет болды. Өрт тез тарады. Жел екпінді болып, бағытын өзгертті. Біз тіпті малды қауіпсіз жерге шығарып үлгермедік. Енді, бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін. Облыс әкімінің орынбасары, жергілікті әкім, аудан басшысы да менімен байланысқа шықты. Көмектесуге уәде берді, – дейді фермер.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары жайылымдық және шабындық жерлерден айырылған фермерлерге де қиын жағдайдан шығудың шешімін ұсынды.
– Бір шешім мынадай – қазір ауданның көптеген фермерлері зардап шеккен қожалықтарға шөп шабу және мал жаю үшін өз жерлерін беруді ұсынады. Екіншісі – бір жылға өтеусіз мемлекеттік жер бөлеміз. Мұндай шартты жасауға «Жер кодексі» мүмкіндік береді, – деді С.Шайдаров.
Соңғы ресми мәліметтерге сенсек, Ұлытау ауданындағы табиғи өрт ошақтарының барлығы сөндірілген.