Аймақтар
3 мин оқу 1,040

Ауыл әкімдігінен үміткерлер аз емес

<p style="text-align: justify;">Түркістан облысында 181 ауылдық округ болса, биылғы ауыл әкімдерін сайлау 63 ауылдық округтің 264 сайлау учаскесінде өткізілетін болады. Шілдеде алдымен 60 ауылдық округ тұрғындары өз таңдауын жасайды.</p>

Ауыл әкімдігінен үміткерлер аз емес

Облыстық сайлау комис­сиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев апта соңына дейін ауыл әкімдігіне 230 үміт­кер тіркелгенін мәлім етті. Оның 76-сы саяси партиялар ұсынған үміткер болса, 154-і – өзін өзі ұсынған.

Саяси партиялар мен жеке азаматтардың өзін өзі ұсы­нуы бойынша үміт­кер­лердің тіркелуі 14 шілдеге дейін жалғасатынын ескерсек, бұл сан өсе түсері анық. Ауылдың ахуалын жақсарта түсу мақсатында нақты бағ­дарламасы бар азаматтар үміт­кер ретінде додаға тү­суге бел байлап отыр деген се­нім тұрғысынан айтсақ, әкім болғысы келетіндердің көптігі қуантады, әрине. Ал сайлаушылар – ауыл тұр­­­ғындары білімді, саналы, елдің қамын ойлайтын аза­мат­тарды таңдап, сайлайтын кез келгенін айтып жатыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қа­жеттігі жө­нінде бас­тама кө­тергені мәлім. Сондай-ақ Президент ауыл әкімдерін сайлау мәсе­лелері жөнінде кеңесте бір­қатар міндет жүк­теді. Ел тарихындағы ай­тулы белес деп айтуға бола­тын тарихи маңызы бар саяси науқан – біз үшін стра­тегиялық мәні айрықша міндет. Тұңғыш рет азаматтарымыз жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие бол­мақ. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 па­йыздан астамы ауылда тұ­ратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жет­кізгенін білесіздер. Бұл сай­лауда қолынан іс келетін, нағыз абыройлы азаматтар сайланса дейміз. Ауыл әкімі – тек креслода отыратын адам емес. Ол бүкіл тұрғынның мә­селесін жүгіріп жүріп ше­шетін өте жауапты, жанашыр азамат болуы керек», деді облыс әкімі Өмірзақ Шө­кеев Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарының ақ­сақалдарымен кездесуде.

Елді мекендердегі мұн­дай саяси дода 2013 жылы басталғаны мәлім. Төрт жыл­дан кейін, яғни 2017 жылы тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қа­лалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құ­рамына кірмейтін кенттер мен ауыл­дар әкімдері жер­гілікті мәслихаттар арқы­лы сайланған. Кешегі Оң­түс­тік Қазақстан, бүгінгі Түр­кіс­тан облысының ауылдарында сайланған әкім­дердің бірқатары әлі күнге дейін ауылдастарының сенімінен шығып, абыройлы қызмет атқаруда. Мысалы, Төлеби ауданы Киелітас ауылдық окру­гінің әкімі, Келес ауда­нында 3 ауылдық округ әкімі, Сары­ағаш ауданында 1 кент, 7 ауылдық округі әкімдері 2013 жылдан бері абыроймен қызмет етіп жүр. Дегенмен түрлі себептермен, соның ішінде құқық­бұзушылыққа жол беріп, қыз­метінен босатылған әкімдер де аз емес.

Облыстық сайлау комис­сия­сының мәліметіне қара­ғанда, өңір аумағында жыл сайын ауыл округтерінің әкім­дері сайланып отырған. Нақтырақ айтсақ, 2017 жы­лы кезекті саяси додада 119 ауыл әкімі төрт жыл мер­зімге сайланған. Ал 2018 жы­лы – 35, 2019 жылы – 45, 2020 жылы  49 ауыл әкімі сайланған. Яғни сайлау өткізуде тәжірибе бар, бірақ бұл жолғы сайлаудың жөні бөлектеу. Жергілікті тұр­ғындар атқарушы билік­тің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Сайлаушылар ауыл әкімі бо­луға бел буған бүгінгі үміткерлер мұндай сенімге ие болу үлкен мәртебе және қиын да күрделі міндетті мін­сіз атқарып, ауылдастарына адал қызмет ету зор жауап­кершілік жүктейтінін жақсы біледі деген ойда.

Түркістан облысы

 

Бөлісу:
Ауыл әкімдігінен үміткерлер аз емес · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар