Білім
2 мин оқу 404

Гранттар конкурсына құжат қабылдау басталады

<p style="text-align: justify;">Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау 16 шілде күні басталады. Пандемия жағдайына байланысты құжат қабылдау электронды форматта жүзеге асырылады.</p>

Гранттар конкурсына құжат қабылдау басталады

Білім және ғылым министр­лі­гінің хабарлауынша, оқуға түсу­шілер 6 мамыр мен 1 шіл­де ара­лығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін конкурс­қа ұсына алады. Өтініш берген кезде талапкерлер аттес­тат, аттес­татқа қосымшаның электронды кө­шір­мелерін және электронды түр­де көлемі 3х4 фото­суретті, сон­дай-ақ басқа да құжат­тың көшір­мелерін қоса тапсыруы қажет.

Егер талапкер «Алтын белгі» иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұс­танымы үшін ерекшелік бел­-гісімен мара­патталған болса, онда ол басқа үміт­керлермен балдары тең болған жағ­дайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай артықшылықтар қарастырылған. Талапкерлердің мұндай жетістіктерінің ескерілуі үшін құжаттарды тапсыру кезін­де растайтын құжаттардың кө­шір­­мелерін тіркеу қажет. Шет тілін меңгергенін растайтын ха­лық­аралық сертификат бол­ған кез­де өтініш беруші сер­тифи­кат­­тың атауын, балын көр­сетеді және электронды сертификатты тіркейді.

Сонымен қатар биыл білім беру гранттарын бөлу кезінде Білім және ғылым министрлігі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөл­ді. Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шық­қан балалар, сондай-ақ ерек­ше қажеттіліктері бар бала­лар­ды тәрбиелеп отырған отба­сы­лардағы талапкерлердің грант алу мүмкіндіктері жоғары­лай түсті.

Кәмелетке толмаған төрт және одан көпбала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға 1%-ы, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы қарастырылған.

ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер Ұлттық жоғары оқу орындарына түсе алады. «Педагогикалық ғылымдар» – кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл. Бұл ретте ҰБТ-ның әрбір пәні немесе шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.

Талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау мақсатында жоғары оқу орындарында виртуалдық қабыл­дау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейне байланыс ар­қылы кеңес береді. Бұл әрі құжат қабылдау процесін де жедел­детеді.

Бөлісу:
Гранттар конкурсына құжат қабылдау басталады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар