Коронавирус
2 мин оқу 1,743

Жастар індетке жиі шалдығып жатыр

<p style="text-align: justify;">Облыста соңғы аптада жаман індеттің шеңгеліне іліккендер саны 1001-ге жетті. Өңір 2 шілдеден бері &laquo;қызыл аймақта&raquo;. Карантин талаптары күшейтіле түсті. Әйтсе де, қауіпті дерттің беті қайтпай тұр. Ең өкініштісі, балалар мен жастар арасында індетке шалдығу оқиғасы көбейіп барады.</p>

Жастар індетке жиі шалдығып жатыр

Соңғы мәліметті сараласақ, шілде айы­ның басынан бері өңірде 1 920 індетке шалдығу оқиғасы тіркелген. Маусым айындағы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай көп. Мәселен, маусымда өңірде 1 449 оқиға орын алған болатын. Соңғы уақытта карантин талаптары барынша қатайтылғанымен, індеттің азаймай тұрғанын аңғаруға болады. Оның ең басты себебі, халықтың өз денсаулығын өздері ойлап, сақтық шараларын сақтамайтынында деп айтуы­мызға толық болады. Алғашқы бетте біршама айылын жиғанымен, соңғы айларда көпшілік жиналатын әрқилы шаралар өткізу жиілеп кетті. Ара-тұра ұсталып, айыппұл төлегенімен, ат басын іркетін түрі көрінбейді. Ұлтымыздың дарқандығы да, бұрынғы салт-дәстүрін толық сақтай алмаса ұят санайтыны да кесірін тигізіп тұр.

Шілде айының басынан бері Көкшетау қаласында – 526, Бурабай ауданында – 221, Бұландыда – 153, Целиноградта – 95 адамның індет жұқтырғаны зертханада тексеріліп, расталған. Кейінгі бір тәулікте 175 адам індет жұқтырған, олардың 159-ында індет белгілері анық байқалған. Соңғы аптада індет жұқтыру деңгейі 2,9 есеге дейін көбейді.

Бүгінде індетке шалдығушыларға әзірленген төсектік орындардың 49 па­йызы пайдаланылуда. Жансақтау бө­лі­мінде 82 науқас жатса, олардың бесе­уінің жағдайы аса ауыр. Осы жолы індет­ке шалдығушылар арасында жүкті әйел­дердің саны көбейген. 76 жүкті әйел коронавирус жұқтырса, олардың 42-сі облыс стационарларында ем қабылдауда.

– Бүгінде емханаларға барып, денсау­лығына шағымданушылар саны көбейе түсті. Бұрын 60 жастан асқандар көбірек ауырса, қазір індетке жастар көптеп шалдығуда. Шілденің ортасына дейін ауырғандардың 12 пайызы – балалар, оның ішінде 1 жасқа дейінгілер – 2,1 па­йыз, 2-6 жас аралығындағылар – 2,9 па­йыз, 7-14 жас шамасындағылар – 4,8 па­йыз, 15-17 жастағылар – 2,1 пайыз. Өткен жылғы 6 айлық статистикаға үңілсек, жар­­ты жылда 1 246 жағдай зертханалық жолмен анықталып, олардың 143-і балалар болғанын анықтауға болады. Биыл 16 577 індет жұқтырушы айқындалса, оның 1 818-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Салыстырып қарасаңыздар, жағдай өте ауыр, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Вакциналау облыста ақпан айынан бастап кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Бүгінде облыс тұрғындары өз еріктері бойынша 4 түрлі екпенің ішінен қалағанын салдыра алады. Вак­циналардың алғашқы компоненті­мен облыста 190 867 адам қамтылса, екінші бөлігін 97 370-і ғана алып үлгерген. Жалпы, облыс тұрғындарының 46,4 пайызының вакцина қабылдауға мүм­кіндігі бар екен. Коронавирусқа қар­сы екпе алудың нәтижесінде медици­на және полиция қызметкерлері ара­сында індетке шалдығу 6 есе тө­мен­­деген. Бүгінде облыста медицина қызметкерлерінің – 93, педагогтердің – 69, полицейлердің 100 пайызы екпе салдырған. Мамандардың айтуына қа­рағанда, облыс тұрғындарының 60 пайызы екпе ектіргенде ұжымдық иммунитет қа­лыптаспақ.

Ақмола облысы

Бөлісу:
Жастар індетке жиі шалдығып жатыр · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар