Тоқтарбек ТАҢАТҚАН: Әбілханға сәттілік жолдас болсын
<p class="2018-" style="text-align: justify;"><span style="letter-spacing: -.4pt;">Токионың төріндегі рингте екі қазақ бір-бірімен кездесуі мүмкін еді. Егер де 75 кило салмақта Қытайдың аты­­нан шыққан Тоқтарбек Таңат­қан бразилиялық боксшы Эберт Кон­сейсан Соузадан басым түс­кенде. Қазақ баласының бір-біріне жұ­дырық жұмсауын Жаратушымыз құп көрмеген екен. Тоқтарбек әлем чем­пионатының қола жүлдегерінен 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Жекпе-жек­тен кейін қандасымызды сөзге тартқан болатынбыз.</span></p>

– Тоқтарбек, бүгінгі жеңілісіңді немен түсіндіресің?
– Негізі, бірінші раундта ақырын жүріп, қарымта соққылармен шабуылдаймын деп жоспарлағанмын және солай жасадым да. Алайда бірінші раундта 0:5 есебімен жеңілемін деп ойлаған жоқпын. Екінші-үшінші раундта өзім шабуылға шығып, біраз соққы жасадым. Бірақ барлығы мен ойлағандай бола қойған жоқ. Қорытынды есепке көңілім толмай тұр.
– Төрешілер шешімі екіге жарылды. Екі төреші 29:28 есебін тіркеп, сенің пайдаңа шешсе, үш төреші бразилиялыққа 29:28 берген екен.
– Әркімнің өз пікірі, өз көзқарасы бар. Солай болу керек болған ғой. Оның үстіне менің халықаралық жарысқа шықпағаныма көп болды. Бүгін ойдағыдай бокстаспағаныма сол да әсер еткен шығар.
– Енді сенің қарсыласың тағы бір қазақпен ширек финалда кездесетін болды...
– Әбілханды мен жақсы танимын. Тәжірибелі боксшылардың бірі. Оған сәттілік жолдас болып, Олимпиадада чемпион атансын дегім келеді.
– Қазақстан боксшыларының қайсысы алтын алады деп ойлайсың?
– Негізі мен Бекзат Нұрдәулетовті чемпион болады деп ойлағанмын. Өкінішке қарай, Бекзат бауырым жеңіліп қалды. Енді қалған боксшылардан үміт күтемін. Барлығы жеңіске жетсін.
– Қазақстанда болдың ба? Біздің боксшылардан кімдерді танисың?
– Қазақстанда бұрын болғанмын, көп боксшыны танимын.