Қазақстанда орташа жалақы көлемі өсті
<p style="text-align: justify;">Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың орташа айлық атаулы жалақысы туралы деректерді жариялады. Ең төменгі жалақы ауыл, балық және орман шаруашылығы салаларында тіркеледі, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> <a href="https://turantimes.kz/ekonomika/28404-nazvan-razmer-srednej-zarplaty-kazahstancev.html" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Turantimes.kz</a> сайтына сілтеме жасап.</p>
Бюро ұсынған мәлімет бойынша, 2021 жылдың ІІ тоқсанында бір жұмыскердің орташа айлық атаулы жалақысы 251 508 теңгені құрады. Атаулы жалақы индексі 2020 жылдың тиісті тоқсанына 118,6%-ды, нақты жалақы индексі 110,4%-ды құрады.
Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде – 472,5 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 1,9 есе жоғары), тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 461,8 мың теңге (1,8 есе), кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 356,7 мың теңге (1,4 есе), ақпарат және байланыс саласында - 338,6 мың теңге (тиісінше 1,3 есе) тіркелген.
Орташа айлық номиналды жалақының төмен деңгейлері ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында – 145,6 мың теңге және қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет салаларында – 146,5 мың теңге байқалды.
«Өңірлік бөліністе ең жоғары орташа айлық атаулы жалақы Атырау облысында белгіленді - 398,5 мың теңге. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,6 есе жоғары. Солтүстік Қазақстан облысында оның көлемі 189,8 мың теңгені құрады. Бұл ел бойынша орташа деңгейден 24,5%-ға төмен», делінген Бюро ақпаратында.