Тарих
2 мин оқу 940

Көшпенділердің көне кітапханасы

<p style="text-align: justify;">Бабаларымыздың білім мен мәдениет жолындағы ізденісін таңбалы тастардан, тарихи ескерткіштерден көруге болады. Ол ол ма, көшпенді өмірдің соңғы ғасырында дала кітапханасын пайдаланғанын да білеміз.</p>

Көшпенділердің көне кітапханасы

Көкпекті даласында кө­не кітапхана болғанын өлкета­нушы, тарихшы Қайрат Мәлі­қаждар айтып жүретін. Қайда десек, дала кітапханасы Биғаш ауылының маңында екен. Әне, әйгілі Толағай тауы жазық далада шошайып, көрініп тұр. Ертеде кескілескен шайқас бол­ған орындар да осы тұста.

– Оқушы кезімізде бұл жа­зық­­қа саяхатқа келдік. Най­заның сабы, жебенің ұшы сияқ­ты қару-жа­­рақтардың сы­ны­ғының талайын тапқанбыз. Тағы бірде осы жол бойына жақын маңнан қойма таптық. Жалпы көшпелі қазақ даласында қоймалар өте көп болған, – деді өмірін өлкетануға ар­нап келе жатқан Қайрат Мәлі­қаждар.

Жергілікті жұрт дала кітап­ханасы атап кеткен көне кесене – Биғаш ауы­лының арғы жа­ғындағы жазықта. Кең жа­зықта жалғыз тұрған кесенені жер­гілікті жұрт Апырым байдікі деседі. Алты қырлы бейіттің биіктігі 6 метр шамасында. Қор­ғанның сыртынан қайтадан қоршау са­лынған. Жалпы ай күмбезді кесененің сәулеті өз­геше. Кісі жерлеген жердің сыр­тына 2 метр биік тастан қорған салып, оның үстіне 2 метр биіктікте ағаш діңгектер ор­натылып барып шатыр жа­былған. Ал шатырдың үстіне биік күмбез тұрғызылған. Ша­тырдың астыңғы жа­ғынан арнайы кітапты апарып қоюға арналған тесік, кісі сыятындай есік жасалыпты. Кесенеге керек тасты алыстан тасу үшін де біраз күш жұмсалғанын кө­руге болады. Өйткені кесене ор­наласқан кең жазықта ешқан­дай тас жоқ.

– ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген Апырым бай оқы­мысты адам болыпты. Ол кісі оқыған кітаптарын ел игі­лігінен де аямапты. Өзі өмір­ден өтерінде ұрпақтарына кесе­несінің шатырынан кітап қоятын орын шығарып, оған барлық кітабын киізге орап қоюды аманаттапты. Жаз жайлауы Алтай болғандықтан, алысқа адамдар кітап іздеп сабылмасын деп кесене шатырына дала кітапханасын сал­ғызған. Ұрпақтары елге керекті кі­таптарды киізге орап, кесене шатырына қойып кетеді екен. Оны білетін оқымыстылар кесенеден керек кітабын алып, қайта апарып қойып отырған, – дейді Қайрат Мәліқаждар.

Дала кітапханасының дәс­түрлі үрдісі қай жылдардан бас­тап жойылып, кітаптарды кім алып кеткені белгісіз. Бір анығы – кесене шатырындағы кітап­ханадан көптеген оқы­мыстылар кітап алып оқығанын елдің бәрі біледі.

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы

Бөлісу:
Көшпенділердің көне кітапханасы · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар