Аймақтар
3 мин оқу 292

Күре жол еркелікті көтермейді

<p style="text-align: justify;">Қарағанды облысында соңғы бір жарым жыл үшінде күре жолдың бойындағы апаттың салдарынан 200 адам көз жұмып, 800 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алған екен. Өкініштісі сол, апатқа ұшыраған жерлестеріміздің басым көпшілігі &ndash; белсенді еңбекке қабілетті, яғни дер шағындағы азаматтар. Ал әрбір тоғызыншы апатта балалар зардап шеккен. Сірескен статистика осылай дейді...</p>

Күре жол еркелікті көтермейді

Қарағанды облыстық проку­ра­турасы ұйымдастырған Құ­қық қорғау және арнайы органдар үйлестіру кеңесі­нің отырысында осындай жантүршігерлік деректер мәлім болды. Онлайн режімде өткен бұл жиынға мем­ле­кеттік органдардың, облыстық және аудандық әкімдіктердің, сонымен қатар авто жолдағы қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдері қатысып, өңірдегі жол қауіпсіздігі проблемалары бо­йынша пікір алмасуға атсалысты.

Жиында айтылғандай, жол үстіндегі апаттың басым көп­ші­лі­гі жол қозғалысы ере­же­лерін өрескел бұзудың салдарынан бо­лады екен. Әсіресе, «темір тұл­парды» тізгіндегендер жыл­дам­дықты шамадан тыс асырып жіберіп, өзін де, өзгені де бақытсыз жағдайға душар қылатыны өте көп тіркелген. Тіпті әрбір екі апаттың бірі осындай заң бұзушылықтың сал­да­рынан болатын көрінеді.

Бұдан бөлек, жол апатының көбеюіне сол жолдардың сапа­сыз­дығы да теріс әсерін тигізеді дегенді алға тартты мамандар. Ойқы-шойқы жолдармен келе жатқан көліктер көбіне тегіс жерді қуалаймын деп, қар­сы жолаққа шығып кететін жағ­дайлар жиі кездеседі екен. Одан кейін құқық бұзушыларды тәр­тіп сақшылары тарапынан дер кезінде жазаламау да жа­ман көрсеткіштің артуына өз «үлесін» қосып отыр. Мәсе­лен, жол полициясынан «әке-көке­леп» құтылып кеткен жүр­гі­зу­шілер жауапкершілікті лезде ұмытып, көп ұзамай ескі әдет­те­ріне басатыны белгілі.

Тағы бір айта кететін жайт – қа­зіргі автомектептердегі жүр­­гізушілерді оқыту мәселесі. Құ­қық қорғаушылар бұл сала­да­ғы оқыту үдерісінің сапасы кө­ңіл көншітпейді дейді. Ал прокурорлар осы істі қатаң қа­­дағалау керек деп санайды. Жалпы, мұндай сынның жаны бар. Бүгінде «бармақ бас­ты, көз қыстымен» жүргізуші куәлігін алатындардың көбейіп тұрғаны мәлім. Мұндай сорақылықтың өзі күре жолдың үстіндегі қауіп-қатер бұлтын қою­латып, қаншама апатқа әкеп соқ­тырып жатыр десеңізші?!

Жиында бейнекамера ор­на­тылмаған немесе жол бел­гі­лері жоқ елді мекендерде апат­­тың жиі болып тұратыны ай­тылды. Бұл да – ойланатын жайт. Жасыратыны жоқ, қазір ірі қалалардағы жол бойында самсап тұрған камералар жол қа­уіпсіздігі ісінде пайдасын көр­сетіп те жатыр. Жүргізуші мәде­ниеті қалыптасқанша, бұл да аса қажет амалдың бірі болып тұр. Ал бейнекаме­ра жоқ жерлерде көлік жүргізу мәде­ние­тінен жұрдай жүр­гізушілер тым еркінсіп кететіні – ащы шындық.

Бейнекамера демекші, таяу арада Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев және Са­ран қалаларындағы автомобиль жолдары бойында құқық бұзушылықтарды тіркейтін қосымша 100 камера жұмыс іс­тей бастайды. Қырағы көз құ­рылғылар  жол қауіпсіздігі ере­желері талаптарының сақ­та­луын автоматты режімде бақы­лай­тын болады.

Сонымен қатар «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 100 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылатынын да айта кеткен ләзім. Олардың жиыр­ма­сы жол қиылыстарында жол қозғалысы ережелерін бұзу­ды тіркеп отырса, тағы бір­нешеуі тоқтау сызығының қиы­лы­суы және бағдаршамның қызыл сигналына өту сияқты бұзушылықтарды анықтайды. Ал 80 камера жылдамдық ре­жімі­нің бұзылуын қадағалайтын болады.

Жалпы, жол қауіпсіздігін сақ­тап, апаттардың алдын алу сияқты күрделі мәселені ке­шен­­­ді түрде шешпесе, іс алға бас­­пайтыны айтылды атал­ған басқосуда. Бұл жерде дамыған елдердегі озық тәжірибелерге сүйенгеннің де еш сөкеттігі жоқ. Бір сөзбен айтқанда, жаңалық атаулыны адамның жол үс­тін­дегі өмірі сынға түскен бұл са­ла­ға аямай енгізу керек болып тұр.

Бір ғана мысал: жол-көлік оқиғасы болған жерде «Дрон» құрылғысын пайдаланса, апат­тың компьютердегі сызба­сын айна-қатесіз түсіруге көмегін тидіруші еді. Мұның өзі жол-көлік оқиғасы бойынша ма­те­риалдардың сапалы және нақты болуын қам­та­ма­сыз етіп қой­май, бұл іс-шараға кететін уақытты азайтып және көлік кептелісінің мейлінше аз болуына игі ықпалын тигізер еді.

Қарағанды облысы

Бөлісу:
Күре жол еркелікті көтермейді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар