Алматыда кітапханалар жаңа жұмыс форматына көшті
<p style="text-align: justify;">Алматыда 16 кітапхана жаңа жұмыс форматына көшті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, қаланың 16 кітапханасы модернизацияланды. Форматтың жаңаруынан кейін келушілер саны 60% пайызға өсті. Кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілгенге дейін 758 мың адам келсе, бүгінде оқырмандар саны 1 260 000 жетті.
«Жаңа кітапханалар сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, жұмыс режимін де өзгертті. Енді олар демалыссыз таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Модернизациядан кейін әр кітапханада орындар саны артты, жеке жұмысқа, іс-шараларға және интернет-бөлмелерге арналған түрлі бұрыштар құрылды», дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ол тегін шығармашылық үйірме бар екенін тілге тиек етті.
«Модернизациядан кейін 90-нан астам түрлі үйірме ашылды оған 9 400-ден астам адам қатысады. Тағы бір айта кететін жайт, биыл Бостандық және Медеу аудандарында 2 қалалық кітапхана жаңартылады», деді Ғани Майлыбаев.