Әлем
5 мин оқу 741

Қарабақтың бүгінгі келбеті: Қайта даму мен жаңғыру жолы

<p class="2018-" style="text-align: justify;">Түркі Кеңесіне мүше және бақылаушы мемлекеттердің журналистерімен бірге жуырда Әзербайжанға сапарлап, Қарабақ пен отыз жылға жуық армян әскерінің бақылауында болған өзге де аймақтардың қазіргі ахуалына куә болып қайттық.</p>

Түркия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Мажар­стан, сонымен қатар Сер­бия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония елдерінен келген БАҚ саласының 20-дан астам қызметкері үш күн­ге созылған сапар бары­сында Әзербайжанның Фи­зу­ли, Жәбрайыл, Агдам аудан­дарында және Шуша, Гәнжә қалаларында болып, аумақтарда жүргізіліп жатқан жұмыспен және елді мекендерді дамыту жоспарымен танысып қайтты.

Ширек ғасыр бойы толы­ғымен немесе жартылай Ар­ме­нияның бақылауында болған өңірлердің бүгінгі ахуалы жайлы айтпас бұрын, бір жыл бұ­рын­ғы оқиғаға шегінсек. Был­тыр қыркүйектің аяғында Әзер­байжан мен Армения ара­сындағы Қарабақ дауы қай­та шиеленісіп, қақтығыс бас­талып, оның соңы әскери іс-қи­мылдарға ұласқаны есімізде. Екі ел арасындағы бұл жанжалдың тамыры уақыт тұрғысынан не құндылықтар жағынан болсын тереңде жатыр. 44 күнге созыл­ған соғыс 2020 жылы қара­шада тоқтап, тараптар ортақ келісімге келген-ді. Әзер­байжан, Армения мен Ресей бас­шылары қол қойған құжатқа сәй­кес армян әскерінің бақы­лау­ында болған аймақтар қай­та­ры­лып, қос тарап өңірдегі тұрақ­тылық пен бейбітшілікті сақтауға уағдаласқан.

Шетелдік журналистер са­пардың алғашқы күні Әзер­бай­жанның Физули ауданына аттанды. Ел астанасы Баку­ден 360 км қашықтықта орна­ласқан ауданды минадан та­зар­ту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен. Алғашқы аял­дама Физули ауданының Гар­га­базары ауылы болды. Ау­дан дегеніміз – біздіңше облыс­ты білдіреді. Арнайы ұйымдас­ты­рылған баспасөз жиынын­да Әзербайжан Республи­ка­сының минадан тазарту жөнін­дегі агенттігінің (ANAMA) супервайзері Натиг Асадов Фи­зули-Жәбрайыл жолын м­инадан тазарту жұмыстары кезең-кезеңмен жүріп жатқанын баяндады. Саперлерге көмек ретінде арнайы үйретілген иттер де жұмылдырылған.

«Біз Физули ауданының Гаргабазары ауылындамыз. Мұнда Физулиден Жәбрайыл ауданына баратын жолды минадан тазартып жатырмыз. Жол учаскесінің бірінші бөлі­гіндегі (3,4 км) жұмыс аяқталды. Ол жерде жол салынып, тиісті жұмыс атқарылып жатыр», деді ANAMA өкілі Натиг Аса­дов. Оның айтуынша, жұмыс­тың екінші және үшінші кезең­дері де аяқталып қалған. Одан бөлек журналистерге залал­сыз­дандырылған миналар мен сна­рядтардың түрлері таныс­тырылды.

Ауданды қалпына келтіру жұмыстары әскерилер тазарт­қан аумақта асфальт төселіп, жол салудан басталып жатқаны бірден байқалады. Бұл – жыл­дар бойы тіршіліксіз қалған ел­ді мекендерді жан-жақты да­мы­тып, өмір сүруге қолайлы ету­ге және халықты тезірек қо­­ныс­тандыруға бағытталған жұ­­мыс­тардың бастапқы бөлігі.

«Қарабақтың әуе қақпасы» деген атқа ие болған, жеті айда бой көтерген Физули халық­­аралық әуежайы да осы та­зартылған аумақта орналасқан. Жақында ғана сынақ ретінде алғашқы жолаушылар ұшағын қабылдаған заманауи әуежай – Қарабақта салынады деген үш әуежайдың бірі. Әзербай­жан­дықтар жоба Қарабақтың қайта жанданып, тұрғындар мен қонақтардың жиі келетін мекеніне айналуына сеп болады деген сенімде.

Топпен әрі қарай жолға шығып, Жәбрайыл ауданына аялдадық. Мұнда да Физули­де­гідей тіршіліктің белгісі жоқ. Аумақта әскери режім қатаң сақталған. Жол Жәбрайыл арқы­лы Әзербайжанның мәде­ни астанасы атанған Шуша қала­сына түсті. Физулидағы халық­аралық әуежай болашақ­та дәл осы Шушаға келетін турис­терді қабылдауға арнал­ған екен. Қалаға мәдени аста­на деген атақ Әзербайжан Прези­денті Ильхам Әлиевтің бұйры­­ғымен берілген. Мақсат – қа­ла­ның тарихи келбетін қал­пы­на келтіріп, бұрынғы даң­қын қай­тару және дәстүрлі маз­мұн­­ды мәдени өмірді қайта жаң­ғырту.

Қарабақ жотасының ете­гін­де, теңіз деңгейінен 1368 метр биіктікте орналасқан қала­ға же­тудің өзі оңай емес. Жо­ғары-төмен ойысып отыра­тын жол таудың ұшар басына көтерілгендей әсер қалды­рады. Шушаның осыған дейін көр­ген мекендерден өзге бейнесі мен ерекше көрінісі бірден бай­қалады. Қатысушыларды қаладағы мәдени-тарихи орын­дар­мен таныстырып, жүріп жат­қан құрылыс жұмыстарын көр­сетті. Ең алдымен, Әзер­бай­жан мен Түркияның мемле­кет басшылары Шуша деклара­ция­сына қол қойған орталық алаң­ға бет алдық. Керуенсарай, Хан сарайы секілді тарихи-мәде­ни ескерткіштерді аралап көрдік. Жергілікті БАҚ өкіл­дері қаланың тарихи архитек­ту­ралық нысандары сақталып, туристерге арналған көрнекті орындарға айналатынын хабар­лады. Алаңның ортасында қал­пына келтіріліп жатқан ғима­рат жергілікті билік өкіл­деріне берілмек. Осылайша Шу­шаның туризм орталығына айна­ла­тындай әлеуетіне куә бол­дық. Қатысушылар сондай-ақ Yukhari Govhar Agha мешітін­де болып, қаланың бай тари­хына қанықты. Мұнда Әзер­бай­жанның бірқатар көрнекті ға­лымдары мен мәдениет қайрат­керлері дүниеге келген екен. Тарихи-мәдени байлығы мен табиғи сұлулығының арқасында Шуша Әзербайжанның сим­волы десе де болады. Жергі­лікті тұрғындар қаланы «Әзер­бай­жан мәдениетінің, ән өнерінің бесігі» деп те атайды екен.

Шетелдік қонақтарға XVIII ғасырда Қарабақ хандығын жаулардан қорғау мақсатында салынған Шуша бекінісі де та­ныстырылды. Таулы аймақтың тамаша табиғатына тамсанған БАҚ саласының өкілдері таң­данысын жасырмады. Айт­пақшы, Шуша қаласының атауы да қаланың таза ауасына бай­ланысты екен. Шуша, яғни қазақша ауаның «шишадай» таза екенін білдіретінін естідік.

Әзербайжанның жауһары – Шушадан кейін елдің екінші үлкен қаласы – Гәнжәға жол тарт­тық. Бұл – Қарабақ дауына қа­тысы жоқ, алайда қақтығыс нәти­жесінде зардап шеккен қала­лардың бірі. Түркия, Қазақ­стан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Мажарстан, соны­мен қатар Сербия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Маке­дония елдерінің БАҚ сала­сының өкілдері жарылыс болған көпқабатты үйлердің бірінде болып қайтты. Қайғылы оқиға салдарынан 20-дан астам бейбіт тұрғын қаза болған. Жергілікті билік өкілі қалада болған өзге де жарылыстар туралы баяндап берді.

Сапардың соңғы күні келісімге дейін жартылай Арме­ния­ның бақылауында болған Агдам ауданында өтті. Агдам қала­сындағы тарихи орындарды аралап, өңірді дамыту туралы жоспармен танысуға мүм­кіндік туды. Ол туралы БАҚ өкілдеріне Әзербайжан Пре­зи­дентінің Агдам ауданының оккупациядан азат етілген бөлігі, соның ішінде Агдам қа­ла­сындағы арнайы өкілі Эмин Гусейнов кеңірек айтып берді.

«Қаланы қалпына келтіру жұмыстарының қаншалықты ауқымды екенін көріп отырмыз. Агдам ауданы аумағының үш­тен екісі оккупацияда бол­ды. Біз барлық жергілікті және халықаралық тиісті құры­лым­дармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, қалпына келтіруге байланысты барлық мәселелерді реттейтін үйлестіру штабы құрылды», деді Эмин Гусейнов.

Оның айтуынша, алдағы қалпына келтіру жұмыстары аясында түрлі мәселелерді ше­шу үшін оннан астам жұмыс тобы құрылған. Президенттің өңірдегі арнайы өкілі қаланың заманауи, елдегі ірі қалалардың біріне айналатынын баса айтты.

«Біз Қарабақты, соның ішінде Агдамды жұмаққа айнал­дыр­ғымыз келеді. Қала ең озық халықаралық стандарт­тарға сәйкес қалпына келтірі­леді. Қала халқы жүз мыңға жуық адамды құрайды және гео­­графиясы екі есеге жуық ке­ңей­­мек. Аумағы 1,5 мың гек­тар­ға созылатын Агдам Әзер­бай­жан­дағы төртінші ірі әрі зама­науи қалаға айналады», деп атап өтті ол.

Агдам ауданы елдегі жыл бойы күн көзі ең көп түсе­тін аудандарының бірі екен. Сол себепті аймақтың күн энер­гиясын өндіру тұрғысынан үлкен әлеуеті бары айтылды. Агдам­ның Қарабақ экономи­калық аймағына кіретіні белгілі. Эмин Гусейнов Кеңес зама­нында мұнда 17-ге жуық түрлі кәсіпорын жұмыс істегенін айта келіп, қаланы қалпына келтіріп қана қоймай, кезінде қашуға мәжбүр болған халықтың қайта оралуына жағдай жасау үшін мемлекет барлық күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.

Осылайша, Түркі Кеңесіне мүше және бақылаушы мем­ле­кеттердің БАҚ өкілдеріне ар­найы ұйымдастырылған үш­күндік сапарда Қарабақтың қазіргі келбетін өз көзімізбен көріп, болашағына үңілгендей болдық.

Бөлісу: