Коронавирус
3 мин оқу 130

Жұқпалы дертпен күрес: Жетісудағы жағдай қалай?

<p style="text-align: justify;">Жетісуда жұқпалы індетпен күрес шаралары қарқынды жүріп жатыр. Алайда дерт жұқтырған науқастар саны да азаяр емес. Ал аймақ коронавирус инфекциясының таралуы жөнінен &laquo;қызыл аймақ&raquo; санатында тұр. Дерек бойынша індеттің жұғу қарқыны өткен айларда 0,9 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 0,6 пайызға дейін төмендеген.</p>

Жұқпалы дертпен күрес: Жетісудағы  жағдай қалай?

– Өкінішке қарай, індетпен күрес шара­сы­ның қарқынды жүргізілуіне қара­мас­тан, науқастар саны төмендемей отыр. Ай­мақ­та­ғы ауруханаларға күн сайын 200-250 ша­ма­сында адам коронавирус инфекция­сын жұқ­тырып, түсуде. Мысалы, соңғы тәу­лік­те 218 жағдай анықталды, оның ішін­де 35 баланың індет жұқтырғаны мәлім болды. Ауырған адамдардың жас ерек­ше­­лігіне қарасақ, науқастардың 43 пайы­зы 50 және одан жоғары жастағы адамдар екені анықталып отыр. Ал 30-49 жас ара­лы­ғындағы науқастар үлесі 30 пайыз және 20-29 жас аралығындар 17 пайызды көрсетті. Сондай-ақ, жалпы ауырғандардың 10 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр, – деді Президент жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен арнайы баспасөз мәслихатына қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Бүгінде облыс аумағындағы инфек­ция­лық стационарлар 40 пайыз шамасындағы жүктемемен жұмыс істеп тұр екен. Яғни 6 080 науқасқа арналған төсектік орында 2 404 адам ем қабылдауда. Оның ішінде, реанимация бөлімдерінде 72 науқас жатыр. Ал амбулаториялық емдеуде 5 371 пациент бар болса, оларға 391 мобильді бригада қыз­­мет көрсетуде. Жалпы, 1 қыркүйектен бері аталған мобильді топтар 18 мың адамға кө­мек берген. Сонымен қатар облыс бойын­ша 206 жедел жәрдем бригадасы үздіксіз жұ­мыс іс­теп жатыр.

Індет таралуының алдын алу бойын­ша атқарылған жұмыстардың ішінде тұр­ғын­дардың вакцина алуы мен қызмет көр­се­ту саласындағы нысандардың Ashyq бағ­дар­ла­ма­сы­мен қамтылуы туралы айтуға болады. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, облыста 8 747 кәсіпкерлік нысаны Ashyq бағ­дарламасы бойынша QR-код алған. Ал «Ashyq көшбасшысы» мәртебесі 102 кәсіп­кер­лік нысанына берілген көрінеді.

– Бағдарламаның қолданысқа енуі сақ­тық шарасын қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­ріп отыр. Мәселен, 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында облыс бойынша «қызыл» мәртебесі бар 2 115 адам және «сары» мәртебесі бар 785 тұрғын тіркелді. Сон­дай-ақ, Ashyq бағдарламасы бойынша анық­талған «қызыл» мәртебесі бар тұлғаларға қа­тысты 3 млн теңге сомасына 79 айыппұл са­лынды. «Сары» мәртебесі бар азаматтарға қа­тысты үй карантині шарттарын сақтау қажет­тілігі туралы талаптармен 284 қаулы қа­был­данды, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары.

Айтпақшы, Алматы облысының мектеп­те­ріндегі 56,9 мың мұғалімнің 50,1 мыңы коро­навирусқа қарсы екпе алған көрінеді. Ал 6,4 мың мұғалімнің вакцинаға қарсы көрсетілімдері бар екен.

– Жаңа оқу жылында облыстың 763 жал­пы білім беретін мектептерінде 442 420 оқушы білім алуды бастады. Бүгінгі күні штаттық режімде 376 809 оқушы оқиды. Аралас форматта 64 995 оқушы оқытылуда. Бізді балалар арасындағы індеттің таралуы алаң­датып отыр. Атап айтқанда, сабақ бас­тал­­ғалы бері 18 балабақша тәрбиеленуші мен 422 оқушының індет жұқтырғаны анық­тал­ды. Бүгінде 31 бала стационарда ем қа­был­­дауда, – дейді Б.Байжұманов.

Жалпы, жетісулықтарды індетке қарсы вакцинамен қамту жоспары 65 пайызға орындалған. Оның ішінде екпені 100 па­йыз салдырған аудандар да бар. Мысалға, Бал­қаш ауданы бойынша 107 пайыз, Ақсу ауданы бойынша 103 пайыз тұрғын екпе алған екен. Ал өңірде вакцинаның бірінші ком­понентімен 711 мың адам егілсе, екінші компонентін 594 мың тұрғын салдырған.

Алматы облысы

Бөлісу:
Жұқпалы дертпен күрес: Жетісудағы жағдай қалай? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар