«Жасыл» өсу өрісі
Астанада Еуропа Одағы мен Дүниежүзілік банктің, Еуропа қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкінің, АҚШ-тың техникалық даму бойынша агенттігі мен еліміздің Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің басшылары, сондай-ақ өкілдерінің қатысуымен Қазақстандағы «жасыл» реформаны техникалық қолдау мақсатында арнайы кездесу болып өтті.
Астанада Еуропа Одағы мен Дүниежүзілік банктің, Еуропа қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкінің, АҚШ-тың техникалық даму бойынша агенттігі мен еліміздің Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің басшылары, сондай-ақ өкілдерінің қатысуымен Қазақстандағы «жасыл» реформаны техникалық қолдау мақсатында арнайы кездесу болып өтті.
Кездесуде Еуропа Одағының біздің елдегі өкілдігінің басшысы Аурелия Бушез Қазақстан Үкіметінің «жасыл» және төмен көміртекті экономикасына өтіп жатқан әрекетін Еуропа одағы жоғары бағалайтынын атап өтті. Мұнымен қатар, осы жылдың 22 қаңтарында Брюссельде өткен отырыс барысында Еурокомиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу, Еуропа Одағының климат және энергетикалық саясатына орай 2030 жылға дейін жасалған жаңа стратегиясы жөнінде әңгімеледі. Оның айтуына қарағанда, қабылданған стратегия бойынша Еуропа Одағы бәсекелестікке қабілетті төмен көміртекті экономиканы дамытуды жалғастыра береді. Сөйтіп, 2030 жылға қарай парниктік газ шығарудың көлемін 40 пайызға дейін қысқартып, жаңа қуат көздерін игерудің көрсеткішін 27 пайызға арттырады екен. «Бұл шара инвесторлар үшін маңызды іс. Себебі, салынған инвестицияның қайтарымы мен энергияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі болуымыз керек. Әрі «жасыл» жұмыс орнын көптеп ашу да күн тәртібінде тұрғанын айтқанымыз жөн», деді Аурелия Бушез.
Жиынға қатысушылар Қазақстанның «жасыл экономикасының» дамуына ықпал ететін өзекті мәселелерді талқылады. Ал еліміз аймақтағы өзге мемлекеттерге қарағанда «жасыл экономиканы» дамыту мәселесін бұрынырақ қолға алған болатын. Бұл тұрғыдағы атқарылатын жұмыстар тұжырымдамасын Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың мамыр айында бекітті. Осы арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға, экономиканы одан әрі өркендетуге негіз қаланып отыр.
Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі тұрақты дамуды қамтамасыз етіп, 2050 жылға қарай әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуіне өз септігін тигізеді. Тұжырымдаманы тиімді түрде іске асырған күнде, адамдардың озық технологияны меңгеруіне жол ашылады. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде де осы тақырыптың қозғалатыны және оны бірлесіп атқаруға мүдделес мемлекеттердің ниет білдіретіні даусыз.
Сарапшылар біз сөз еткен тұжырымдаманың нәтижесін жоғары бағалап, оны үздіксіз дамытып отыру өзекті мәселе екенін атады. Осыған қатысты арнайы құрылған халықаралық қолдау тобы «жасыл» өрісті дамыту жолында мүдделес елдердің жұмыстарын бір арнаға топтастыруы керек. Екінші жағынан мамандардың біліктілігін арттыру да өзекті мәселенің бірінен саналады.
Бүгінгі таңда Еуропа мен Орталық Азияда өнім өндіруге орта есеппен алғанда 50 пайыз қуат көзі жұмсалады екен. Ал біздің елдің өндірісінде қуат көзін пайдалану 62 пайызға жуықтайды. Бұл ретте жылуға 43 пайыз электр қуаты шығындалатынын ескеруіміз керек. Осыған орай, әлем бойынша «жасыл экономиканы», оның ішінде баламалы қуат көзін тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр.
«Егемен-ақпарат».