Медицина
1 мин оқу 630

Елімізде ЖРВИ мен тұмауға қарсы қандай вакциналар бар?

<p style="text-align: justify;">Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елімізде ЖРВИ және тұмауға қарсы қандай екпелер барын хабарлады, деп жазады&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

ДСҰ мәліметтері бойынша, биыл вирустың үш штамы: A (H1N1), A (H3N2) және B өзекті болмақ.

Елдегі эпидахуал әлі де күрделі, күзгі кезеңде ағзаны өзге де респираторлық инфекциялардан қорғау қажет.

Айта кетсек, Үкімет штамдық болжамды ескере отырып, азаматтарды маусымдық вирустардан қорғау үшін алдын-ала тұмауға қарсы вакциналармен қамтамасыз етуде. Тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталды.

Мемлекет Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ+» препаратының 2,5 миллион дозасын сатып алды. Тегін вакцинация аясында халықтың ең осал топтары - медицина қызметкерлері, балалар, диспансерлік есепте тұрған пациенттер, балалар үйлерінің, интернаттардың, сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауға жататын азаматтар осы препаратпен егіледі.

«ГРИППОЛ+» препаратынан басқа елімізде тұмауға қарсы келесі вакциналар тіркелді: Санофи-Пастер (Франция) өндірген «Ваксигрип Тетра», Инфлювак (Нидерланды), Синовак Биотек (Қытай) өндірген тұмауға қарсы вакцина.

Иммундау тек ақысыз негізде ғана емес, жұмыс берушілердің, сондай-ақ халықтың қаражаты есебінен де ақылы түрде жүргізілетін болады. Тұмауға қарсы ақылы вакцинация жеке медициналық орталықтарда, тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органның рұқсаты бар емханалардың егу кабинеттерінде жүргізіледі.

Бөлісу:
Елімізде ЖРВИ мен тұмауға қарсы қандай вакциналар бар? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар