Қоғам
5 мин оқу 790

Құрылыс материалдары нарығы: Есеңгіреткен бағалар

<p class="2018-" style="text-align: justify;">Жуықта өткен Үкімет отырысында биылғы сегіз айда еліміздің құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі өткен жылдың осы мерзімінен 11,4 пайызға өскені айтылды. Өсім еліміздің барлық өңірінде байқалған.</p>

Құрылыс материалдары нарығы:  Есеңгіреткен бағалар

Әрине, тұрғын үй құрылы­сы­­ның қарқынды дамуының не­гіз­гі себебі осы мәселе бой­ын­ша қа­былданған мемле­кет­­тік бағ­дар­ламалардың іске қосылуы мен Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың шешімімен зейнетақы қорын­дағы артық ақшаны іске жаратуға рұқсат берілуі екені түсінікті.

Дегенмен, қазіргі таңда елді алаң­­датып тұрған үлкен мәселе – құ­ры­лыс секторының дамуымен қа­тар тұрғын үй бағасы мен оны жөн­деу жұмыстарына пайдаланы­латын құрылыс материалдары ба­ға­сының шарықтауы. Мәселен, атал­ған Үкімет отырысында сөз ал­ған Бәсекелестікті қорғау және да­мы­ту агенттігінің төрағасы Серік Жұ­ман­ғарин жыл басынан бері отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25%-ды құрағанын жеткізді. Оның айтуынша, құрылыс материалдары баға­сының негізгі өсуі сыртқы нарық­тағы баға жағдайы­на байланыс­ты. Яғ­ни арматура, кабель, профлист, шы­­­­ны секілді сырттан келетін зат­­­­тар­ ба­­­ға­­с­ы­ның өсуі салынып жат­­қан тұр­­ғын үйлер құнының көтері­луіне негізгі әсер етуші фактор болған.

Сондай-ақ бағаның өсуіне электр энергиясына тарифтердің орташа 12%-ға, жанар-жағармайдың 15%-ға, энер­ге­тикалық көмірдің 10%-ға, темір­жол та­сы­малдарының 18%-ға өсуі сияқты жағ­дайлар да әжептеуір ықпал еткен. Отандық өндірістегі құрылыс материал­дары бағасының өсуіне осындай ішкі фак­торлардың әсері мол болған. Өйткені құ­­рылыс материалдарының өзіндік құ­нын­­дағы осы шығындардың үлесі 15-тен 30%-ға дейін құрайды екен.

Сонымен қатар бағаның көтерілуіне құрылыс ұйымдарының және құрылыс ма­териалдарын шығаратын өндіріс ие­­лерінің жасырын келісімге келіп, өзара сөз байласу жағдайлары да әсер етуі мүм­кін. Осындай жағдай орын ала қалса, әри­не, оны ашу керек. Агенттік осы мақ­сат­та құрылыс материалдарының 25 түрі (кір­піш, бетон, арматура, цемент және т.б.) бойынша құрылыс материалдары нарығындағы бәсекелестіктің жай-кү­йі­не талдау жүргізуде. Анықталған бір­сы­пыра фактілер бойынша еркін на­рық қағидатын бұзу белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданыпты. Агент­тік бас­шы­сы­ның айтуы бойынша, бүгінгі таң­да хабарлама жолданған ком­па­ния­лардың 42-сі талаптарды орын­да­ған, оның ішінде 35 компания бағаны төмендеткен. Мәселен, арматура бағасы – 25%, цемент – 10%, бетон – 10%, полиэтиленді құбырлар – 6%, кабель – 5%-дан 14%-ға дейін, кірпіш құ­ны 3%-ға төмендетілген.

 С.Жұманғариннің айтуынша, цемент, кірпіш, қиыршық тас, бетон және темір­ бетон бұйымдарын өндірушілермен және жеткізушілермен 10 монополияға қар­сы комплаенс жасалыпты. «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жа­нар-жағармай, құрылыс материалдары және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауар нарықтары бойынша тексеру іс-шараларының жаңа кешенін бастадық. Тө­лем ұйымдары қызметтерінің баға­ла­рын, әсіресе, коммуналдық қыз­мет­­терге, мемлекеттік монополиялар қыз­мет­теріне, мемлекеттік және жеке опера­торлардың қызметіне ақша аудару ке­зінде төмендету бойынша шаралар қабылданады», деді С.Жұманғарин.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы тұрғын үй құ­ры­лысы нарығындағы ағымдағы жұ­мыс жайлы айтып берді. Бүгінгі таңда бастапқы тұрғын үйге бағалар 3%-дан 0,4%-ға дейін, сондай-ақ қайталама тұрғын үйге 5%-дан 1,1%-ға дейін төмендегені байқалды. Хабарламаны орындау шең­бе­рінде «РАМС-Қазақстан» компания­лар тобы бағаны Алматы қаласында бірқатар тұрғын үй кешенінен шаршы метр үшін 15%-ға немесе 90 мың теңгеге дейін, BAZIS-A компаниясы Алматы қаласында тұрғын үй кешендеріне шаршы метр үшін 20 мың теңгеге дейін, BI Group Нұр-Сұлтан қаласының 51 тұрғын үйінде бастапқы тұрғын үйге орта есеппен 8%-ға, Алматы қаласында 11%-ға, Шымкентте - 3%-ға, Атырау қаласында 4%-ға төмендетті. Басқа құ­ры­лыс салу­шылар да хабарламаларды орындап, бағаларды орта есеппен 15-20%-ға төмендеткен. Бағалардың төмендеу па­йызы орта есеппен 9% құрайды.

Бұл отандық құрылыс компа­ния­лары мен құрылыс материалдары на­ры­ғында бағаға байланысты жү­ріп жат­­қан жағдайлар. Ал шетелден ке­ле­тін құрылыс материалдарына келетін болсақ, бұл істе бағаның бақылауға алын­ғанын байқай алмадық. Елордадағы «12 ай», «Строй маркет» секілді ірі сау­­­­да дүкендеріндегі тұтынушылардың ай­туына сенсек, шетелдік кафель плиткасы, сантехникалық бұйымдар, есіктер мен ламинат бағалары былтырдан бері 1,5-2 еседей қымбаттап кеткен. Баға­ның қымбаттағаны сырт көзге бірден сезілмейді. Өйткені осы заттар бағасы сапа­сына қарай әркелкі. Мәселен, есіктер бағасы 15-20 мың теңгеден басталып, 200-250 мың теңге мөлшерінде шарықтайды. Яғни қалтаңа қарай қимылдайсың. Құ­рылыс материалдары бағасының қалай шарықтағанын білу үшін құрылыс базар­ла­рының бірінде соны саудалайтын, өзіміз бұрыннан білетін Сағыныш атты азаматпен хабарластық.

«Былтырдан бері тұрғын үйлер­ді жөн­деуге арналған әрлеу материал­да­ры­ның, сантехникалық бұйымдардың бағасы тым шарықтап кетті, – деді ол біз­бен әңгімесінде. – Мәселен, қабырғаны әрлеуге арналған түрлі қоспалар бағасы екі есеге дейін өссе, профильдер бағасы екі жарым, үш есеге дейін өсті деуге болады. Профильді былтыр 400 тең­ге­ден сатсақ, қазір 1 100 теңгеге са­тып жатырмыз. Соған қарап-ақ қал­ға­­нын өзіңіз шамалай беріңіз. Әрине, кей­бір құрылыс материалдарының ба­ға­сы көп өсе қойған жоқ. Сондықтан жиынтық күйінде айтқанда, тұрғын үй­лер­ді жөндеу жұмыстарына арналған әр­леу материалдарының, басқа да сан­тех­никалық бұйымдар, темір-тер­сек­тер бағасы орта есеппен 60-70 пайыз ша­рық­тады деп айтуға болады».

Сағыныш әрлеу материалдары баға­сы шарықтауының өздері секілді ұсақ сатушыларға пайдасы жоқтығын, ке­рі­сін­ше зиян екенін айтады. Ұсақ сатушылар халықпен тікелей байланыста бол­ғандықтан баға жөніндегі халықтың не­гіз­гі ызасы мен шағымы ең бірінші соларға келіп тиеді, екіншіден, оларға халықтың са­тып алу қабілетінің жоғары болғаны жөн. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш».

«Негізінде бағаны біз көтермейміз. Бізде ондай мүмкіндік те жоқ. Өйткені мен секілді базарларда құрылыс ма­те­риал­­­­дарын саудалайтын адамдар өте көп. Ұсақ сатушылар нарығы әбден қа­­лып­­тасқан деуге болады. Осы ретте ба­ға­ның жоғары жақтан, яғни бізге тауарлар жеткізетін жерден жиі өзгеріп келуі біздің де мазамызды қашырады. Өйткені бүгін сатып тұрған затыңды ертең қандай баға­мен сататыныңды білмей өзің де әуре­ге түсесің. Оның үстіне үсті-үстіне қым­бат­тап келе беретін заттар біздің жиған-тер­г­енімізді де жұтып қояды» дейді Сағыныш.

Екінші бір базарда молдингтер мен гал­телдер сатып тұрған Әлмира атты ке­лін­шек өз тауарларының бағасы былтырдан бері әрі кетсе 20-25 пайыз өскенін айтты. Сонда негізгі қымбаттап тұрған дүние темір-терсектер, санфаянс жағы секілді.

Қазір тұрғын үйлердегі дайын пәтерлер құнының 20-25 пайызын әрлеу, жөндеу ма­териалдарының шығыны құрайды екен. Мұның өзі несиеге пәтер сатып алып жатқан адамдар үшін үлкен салмақ. Екін­шіден, бұл жағдай бізде құрылыс мате­риалдарының нарығы дамымағанын көр­се­теді. Әрі құрылыс жұмыстарын жүр­гізіп жатқан елге үлкен сын мен болжаусыз шығын. Осыған қарағанда, халықтың «осы уақытқа дейін Үкімет қайда қараған?» деп кіжінетін де жөні бар секілді.

Бөлісу:
Құрылыс материалдары нарығы: Есеңгіреткен бағалар · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар