Жаңалықтар
12 мин оқу 1,572
Ақтастан шыққан ақын Манап
Сыр сүлейлерінің соңғы тұяғы, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов жайлы көз көрген, көңілге түйген ойларымды қағазға түсірсем деп жүруші едім. Осы ойыма өткен күздің соңында көпшілікпен бірге Манаптың кіндік қаны тамған туған ауылы Ақтасқа соғып, сонда кесенелері орналасқан Ақтас әулие мен Айқожа ишанға берілген асқа қатысып, бастарына зиярат жасап қайтуым тағы да түрткі болды. Жарықтық, көзі тірісінде Шымкент қаласында өткен Оңтүстік ақындары айтысынан соң, тұрғылықты мекенжайын сұраған әріптестеріне:
«...Совхоз – Талап,
Ақын – Манап.
Тұрағы – Ақтас,
Алатын – Ақ бас...» – десеңдер, жазған хаттарың мені жазбай тауып келеді деген Манаптың туған ауылы осы.
Ақтас... Киелі Ақтас... Манапты тіршілігінде желеп, жебеген Ақтас. Манап аға 1945 жылы осында орналасқан қызылотау үйіне меңгеруші болып жұмысқа орналасады. Мандыған жалақысы да болған емес.
Жұрттың айлығына қарасаң – айлық сияқты.
Әжептәуір байлық сияқты.
Ал біздікіне қарасаң
Ауыз жарымас шайлық сияқты, – деп жүрген жерінде айтып жүріп-ақ, осы қызметтен қол үзбей, тіршілігінде басына қонған бар абырой-атаққа иелік етіп, бар өмірін осы қызылотау үйінің меңгерушісі деген жұмыспен өткізді. Осы жерден еңбек демалысына шықты...
...Мен Мәкеңмен ерте-ақ араластым. Бір мүшелге жуық жас алшақтығымыз болса да, 1969 жылы Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетіне еңбекші хаттар бөлімінің меңгерушісі болып қызметке тұрғаннан бастап, ауданда өткен мәдени шаралардың басы-қасынан алдымен осы Мәкеңнің төбесін көретінмін. Өйткені, мерекелік шаралардың бәрі Мәкеңсіз өтпейтін. Үлкен мәдени шаралардың бәрі Мәкеңнің арнау өлеңімен басталатын. Тіпті, сол уақытта республикалық байқауда халық театры атағын жеңіп алған аудан өнерпаздарының қойылымдары да Мәкеңнің арнауымен ашылатын...
Мәкеңді өз кезінің сал-серісі болды десек те артық болмас. Аудандағы өнерпаз ұл да, қыз да осы Мәкеңнің қабатынан табылатын. Олар тобымен жүргенде неше бір сауықтың түрін күте бер. Өзім де өнерге жолдаманы осы Мәкеңнің тәрбиесінен алдым. Белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың қатысуымен өткен аудандық шопандар тойында Мәкең мені алғаш рет айтыс ақыны ретінде бірліктік Ақмырза Құлтасовпен сахнаға шығарғаны бар. Сол айтысымыз аудандық газеттің екі-үш санына қатар басылды. Сол кезде арқалы ақындай арқамыз көтеріліп-ақ қалған. Өнер жолын қуар жанға осыдан артық қандай тәрбие керек.
Аудандық газетте жүріп, Мәкеңмен қаншама рет сапарлас та болдым. Сондай сапарлардың бірінен соң «Құтты қонақ» («Коммунизм жолы», 1 март, 1969 ж.) деген тақырыппен көлемді очерк жазғаным да есімде. Онда сол кездегі саясат бойынша Мәкеңді шопандар асыға күтер құтты қонақ, суырып-салма ақын, облыстық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, алдаспан-сыншы, насихатшы ретінде көрсетумен бірге, қыстың көзі қырауда озат шопан Әлайдар Есенбековтің үйіне барып, түн ұзақ көрсеткен өнері әңгімеге желі болған-ды. Сол сапарда Мәкеңнің өткір де уытты тілімен және батылдығымен ел есінде қалған халық ақыны Құлан Алдабергеновтің 1600 жол өлеңдері мен күйші Әлшекей Бектібаевтың 14 күйін магнитофон лентасына түсіріп алғандығынан хабардар болдым. Бұл үлкен қазына ғой. Құланның осы маңда өткен Жантөре болыстың қыңыр сөйлейтін әкесі Аралбайға өзі туралы айтқан:
Қоңыраттың ішінде,
Қырғызәлі Құланмын.
Төрт атаның біреуі
Менің атам – Сыбанмын.
Жақсының жаным жайлауы
Жаманға сендей ылаңмын.
Сазға біткен шынармын,
Қияға қонған қыранмын,
Несін сұрай бересің
Қыдырып жүрген шығармын.
Баласы болыс есте ме
Қатулансам ұрармын.
Үйіңе қойып мүрдеңді
Дұғамды оқып шығармын, – деп алқымынан қысып-қысып қалғанда, мұрнынан шүмектетіп қан саулатқанын да алғаш осы Мәкеңнің аузынан естідім. Мәкең өзі қонақ болған сол кешті:
Жанашырым, жарқыным, жаным дедім,
Қажет болсам сендердің жаныңда едім.
Бірің кеңес бермесең, бірің көмек,
Айтыңдар, не болмақшы халім менің.
Суға кетіп қалмай ма салым менің.
Суға кетіп қалмайды салым менің
Дарындысын дөп таныр дарынды елім.
Сырласқанда осылай өздеріңмен,
Бір жадырап қалады жаным менің – деген өз өлеңімен аяқтаған-ды.
Мені ел аузындағы Мәкеңнің Қызыр ата атануы жайлы аңыз ерекше қызықтыратын. Мен ғана емес, бас қосылған жерде осы оқиғаны әркім-ақ өз аузынан естігенді мақұл көретін. Өйткені, бұл әңгіме Мәкеңнің өз аузымен құлаққа соншалықты құлпырып, жанданып, жағымды естілетін.
«...Соғыстан кейінгі жылдары, жеңіл шәйі ақ китель костюм-шалбар кию сән болды. Өзім болмысымнан аппақпын, шаш та ақ, бас та ақ, үстімде аппақ ақ китель костюм-шалбар, астымда ақ боз жорға, қоңыр самалдатып Қаратаудан асып, Созақ ауданының тау етегінде тұратын туысыма желе-жортып бара жатқанымда, алдымнан жасы жер ортадан ауып қалған бір ағамыз атымның шылбырына орала кеткені. «Ассалаумағалейкум» деп сәлем берсем, сөз тыңдайтын түрі жоқ, «О, айналайын Қызыр ата, іздеп жүргенім де өзің едің ғой. Жаратқаным-ау, көлдей болған көз жасымды көріп, Қызыр атаға ұшырастырғаныңа шүкіршілік еттім. Енді мен бұл кісінің ықылас батасын алмай жібермеймін», деп бас бармағымды жанымды шығара бұрап, ағыл тегіл боздап қоя бергені. Ниетін түсіне қойдым. Айқай салдым:
Ей, жай алақаныңды!
Саған керегі бала ғой,
Бердім екеу ала ғой.
Алдың ықылас батамды
Енді үйіңе бара ғой.
Әумин! – деп бармағымды әзер босатып алып, артыма қарамаған күйі Қаратау асып кеттім. Күндер өтіп, бір жылдан кейін туысымның ауылына қайта оралсам, бауырым:
– Айналайын, Манапжан, сенің келіп қалғаның қандай жақсы болды. Құтты қонақ болып, үлкен қуаныштың үстіне түстің. Абыройлы бір шопан ағамыз ұзақ уақыт перзентсіз жүріп еді, жақында қошқардай қос ұлды болып, бүгін шілдехана тойын өткізіп жатырмыз. Соның басшылығына мені тағайындап еді, басы-қасында болуым керек, – дей бергенде, сөзін аяқтатпай той иесі өзі де асығыс есіктен аттап, төрде отырған мені көрді де, есік алдында көзі бақырайған күйі қатты да қалды. Бірден таныдым, баяғы өзім бата берген шопаным. Туысым «Өй, аға-ау, бұл өзіміздің Манап ақын ғой» десе, әлден соң есін жиған шопан: «Сенің Манабың болса Манабың шығар, ал бұл азамат маған жылап-еңіреп сұрағанымда тілеген баламды берген батагөй Қызырымның нақ өзі», – деп еңкілдеп құшақтай кеткені...».
Мәкең хансың ба, қарашасың ба, қас-қабағыңа қарамайтын, ойына келгенін іркіп, бүгежектеп, күлтектеп жатуға жаны қас болатын. Ескі оқиғалар есіме түсіп отырғаны. Мәкеңнің тіршілігінде өнердегі жанынан тастамай ерткен екі інісі болса – біреуі, біреу болса, ол да тап соның өзі – әнші сазгер Бексұлтан Байкенжеев еді. Бұл әңгімені Бексұлтан туралы жазған эссемде де кезінде келтірген едім, қазір де қайталауға тура келіп тұр.
Періште бейне, пәк көңіл, менің құрдасым, марқұм Мәдина Ералиеваны Мәдина етіп алғаш елге таныстырған «Ақбаян» әнінің авторы Бексұлтанның да, рухани ұстазы, көңілі тіл табысқан үлкен досы осы Манап ақын болды. Екеуі қатарласып, ел аралап сахнаға шыққанда, сол концертті көрген де арманда, көрмеген де арманда болатын. Қазақ поэзиясының классигі Әбділда Тәжібаевтың өзі «Бір өзі – бір театр» атаса, осы бағаны одан әрі өсірген қазақ сахнасының саңлағы Сәбира Майқанова апамыз «Бір өзі бірнеше сахна» атаған Манап Бексұлтанды барынша еркелетіп, қызғыштай қорып, өнерін ұштауына қолынан келген көмегін аямайтын. Бірі тек ағаға тән үлкен мейірімділік танытса, бірі ініге тән нәзік сыпайы құрметін жоғалтқан емес. Бексұлтанның,
– Оуу-у!... Ел мақтаған
Ардақтаған,
Ардақты адам – Манап ағам,
Құрметтесе ел дәйім,
Бақыт демей, не дейін
Ақын аға әрқашан
Арта берсін мерейің, – деп ағасын әнге де қосып, шырқап жүргенін естіген біз, онысын ағасына деген ыстық ықыласы деп қабылдайтынбыз. Ал мұндай сұлу жарасымдылық кімге де болса үлгі-өнеге болып көрінетін.
Бірде Жаңақорғанға ақын Бәкір Тәжібаев бастаған құрамында Сабырхан Асановтай ақындары бар бір топ жазушылар келді. Оларды күту М.Көкенов бастаған мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды. Аудандық мәдениет үйінің директоры Қуат Алдабековтің үйіне ағыл-тегіл дастарқан жасалды. Келген меймандарға құрмет жасап өнер көрсету ауылда қалыптасқан дәстүр. Сол отырысқа Мәкең Бексұлтанды арнайы алдыртып, ән салдырды. Жұрт ықыласы меймандардан гөрі сырбаз сазды Бексұлтанға ауып бара жатты. Бұған Бәкір ағамыз тарылыңқырап отырды. Осы көңілді сезген Мәкең өзінің Бәкірмен жас шамаластығын алға тартып, – Бәкіржан, жасқа қарасаң құрдассың, басқа қарасаң інісің. Солай бола тұра сен күнде елге келе бермейтін қадірлі қонақсың, келген күнде де ел іші кең, басқа жерге жеткенмен, бізге жетпей жатасың. Содан да осы сапарыңның реті біздің ауданға тигеніне бәріміз шын жүректен қуанып, шашбауыңды көтеріп отырғанымыз мынау. Көпті көрген сыншы болады деген. Сенің ақындығыңды соңғы уақытта сазгерлігің басып бара жатқан сияқты. Мына менің Бексұлтаным өзіңді көргелі өнерін аяп қалып отырған жоқ. Батадай бағаңды беріп, бағдарлама айта отыр? – деді.
Бәріміз Бәкірдің аузына қарап үн-түнсіз қалдық, жұрт назары қайта өзіне ауғанын сезген Бәкір ағамыз маңғаздана, – Өнерді бір жандай білер біздерге таразылатқандарыңыз дұрыс қой, Мәке. Мен не айтайын, Бексұлтан жақсы әнші екен, бірақ әндері батыстың кейбір әуендеріне ұқсап кететін сияқты, – деді сырғақтатып. Үлкен деп аузына қарап отырған ағамыз үлкендік танытпай, мына айтқан тұжырымына бәріміз де ыңғайсызданып қалдық. Жүрегі жаудан қайтпас Мәкең сөз тізгінін босатпас әйгілі халық ақыны емес пе, аз үнсіздікті серпіп тастап: «Ана домбыраны бері әперші» деді үй иесі Қуатқа. Домбыраның құлағын біздің құлағымызға таныс өз ырғағына келтіріп алды да:
– Бәкіржан, дұрыс қой, біздің Бексұлтанжанның әні батыстың әндерімен әуендес болса, онда өрісті ұзақтан қайырған екен. Енді мына әнге құлақ түріңізші, – деді де шырқай жөнелді:
Жер шарын мекендеген бүкіл халық,
Біздің ел дәстүрінен қуат алып.
Советтер Одағы боп сүйенері
Бұл күнде достығымен
отыр танып
– деп баяғыда мектеп партасында отырғанда хормен айтушы едік, кейінгі кезде осы әнді жаңғыртып, Бұлбұл құс туған жерденгүл іздейді,
Күдерін құштарлықпенбір үзбейді
Келесің гүл боп еркем көз алдыма, Өзіңді мен іздемей, кім іздейді? – деген жаңа ән айтыла бастады деп, Бәкірдің жиендік жасағанын бір іліп өткенде, Бәкір бұлқан-талқан болып атып тұрып, кетемінге басып еді, қасындағы Сабырхан Асанов ағамыз әзер тоқтатты. Бексұлтан десе ішкен асын жерге қоятын Мәкең Бәкірдің әлгі әбестігіне ренішін баса алмай: – Әй, Бәкір, біз екеуміз құрдаспыз, соған орай үлкен болған соң, салмақты болар десем, сабырдан жұрдай болып шықтың ғой. Жақсы адамдар сынды сабырмен қабылдайды. Байқап жүрген шығарсың, біз ақындармен айтысқа түскенде, небір дөрекі сөздер естиміз. Мұндай шағын топ алдында болса да жөн ғой, үлкен залда, қаншама халықтың алдында естиміз. Дегенмен, соған шыдап, уәжден жеңуге тырысамыз. Құрдасыңның кішкене сынына шыдамай жас бала құсап соншама өкпелегенің ұят-ақ болды-ау, – деді. Екінші бір оқиға, Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісов құрметті зейнеткерлікке шыққан соң, облыс орталығына Аңшылар қоғамына басшы болып ауысатын болып, көшер алдында дос жарандары мен қызметтес серіктестеріне дәм берді. Әркім өз тілегін айтып, сөз кезегі Мәкеңе келгенде: – Аха, әркімнің көңіліне құдай береді. Көңіліңіз көл дария сияқты ақкөңіл, ақжарқын адам едіңіз. Сонан шығар, жаңа қызметіңіз де саусаққа ыңғайлы оңқай асық сияқты жаман емес екен. Бұрын хатшы кезіңізде жатып жейтін едіңіз, енді атып жейтін болыпсыз, әйтеуір, сатып жемейтін көрінесіз, – дегенде, Ақаң: – Ай, Манапжан-ай, тіліңнің шоғайнасы бар-ау. Бұлай айтпасаң сен Манап болар ма едің. Тауып айтылған сөзге дауа болмайды. Ағаңды қатырдың, – деп арқасынан қаққыштаған екен. Дәл осындай ақын уәжінің бірі, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков ақынмен сәлемдесіп тұрып: – Оу, Мәке, қып-қызыл боп кетіпсің ғой, – десе, Мәкең саспастан; – Е, Ереке, алтынның да сырты қызыл болмай ма – деген ғой.| Ә |
жазушы.Суретте: халық ақыны
Манап Көкенов пен ұлы Әбдікерім Манапов.
Бөлісу: