Асқар Мамин Омбы облысының губернаторымен кездесті
<p style="text-align: justify;">ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин РФ Омбы облысының губернаторы Александр Бурковпен кездесу өткізді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Үкімет басшысының баспасөз қызметіне <a href="https://primeminister.kz/ru/news/a-mamin-provel-vstrechu-s-gubernatorom-omskoy-oblasti-rf-a-burkovym-19542" target="_blank" rel="noopener noreferrer">сілтеме</a> жасап.</p>
Кездесу барысында қос тарап сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, АӨК, энергетика, транзиттік-көлік, туризм, мәдени-гуманитарлық салалардағы ҚР мен РФ шекара маңы ынтымақтастығының өзекті мәселелерін саралады.
Сондай-ақ, Ертіс трансшекаралық өзенінде кеме қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Павлодар мен Омбы қалалары арасындағы өзен бойынша жүк тасымалдау көлемін 2025 жылға қарай 4 есеге арттырып, жылына 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі кеме қатынасы шлюздеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары Ертіс өзені бойынша өтпелі кеме қатынасын ашып, келешекте ҚХР-мен мультимодальдық қатынастың ашылуына ықпал ететін болады.
Қазақстан - Омбы облысының ірі сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында тауар айналымы $192,3 млн құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 26,6%-ға жоғары.