Экономика
1 мин оқу 823

Шылаушынның шығыны аз, пайдасы көп

<p style="text-align: justify;">Сыр бойындағы Қазалы ауданының төрт тұрғыны тың кәсіп түрін бастап жатыр. &laquo;Қазалы Агро KZ&raquo; жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне топтасқан жігіттер кәдімгі шылаушын өсіруді қолға алыпты. Жердің құнарын арттыру үшін дамыған елдерде кең танылған бұл кәсіп түрін қазір Қазақстанның әр түкпірінде кәдеге жаратып отырғандар кездеседі.</p>

Шылаушынның  шығыны аз, пайдасы көп

Сыр бойы үшін жаңалық саналатын жауынқұрт өсіріп, тыңайтқыш саудалауды бастап кеткен серіктес жігіттер бұл биз­­нестің болашағына сенеді. Жуырда аудан әкімі Мұхтар Ораз­баев осы кәсіпті қолға алған аза­маттармен кездесіп, олардың болашақтағы жоба-жоспарымен танысты.

Кәсіпкер Сәбит Аралбаевтың айтуынша, олар өсіріп жатқан калифорниялық қызыл құрттың қоршаған ортаға зәредей да залалы жоқ, керісінше топырағын сор басып тұратын Сыр өңірі үшін аса қажет бастама.

– Калифорниялық қызыл құрттардың «тамағы» – органи­калық қалдықтар. Жапырақтың ші­ріндісін, малдың тезегін талғамай жей береді. Оны өңдеп, биологиялық тыңайтқыш жасайды. Сондықтан да оның қорегінен көп қинала қоймаймыз. Жер сорланудан бөлек құрғап кеткенде де осы биотыңайтқыштың көмегі көп, – дейді кәсіпкер.

Бұл жәндік 1959 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында жауынқұрттардың әр түрін будандастыру арқылы пайда бол­ған. Біздің елімізге 2004 жылдан бастап келе бастады. Кәдуілгі шылаушыннан 5-6 есе тез көбейеді. Жергілікті жауынқұрттар 3-4 жыл, ал калифорниялық түрі 16 жыл өмір сүреді. Құрт өсіруді қолға алған азаматтар алдағы уақытта 15 гектар аумаққа жылы­жай салуға бел буып отыр. Тек бұл үшін инфрақұрылым қажет. Кәсіп­керлер аудан әкімі Мұхтар Ораз­баевқа осы жағынан көмек беріп, қолдау көрсетуін сұрады. Аудан бас­шысы тың іс бастаған талапты жігіт­терге көмек көрсетуге уәде берді.

Бөлісу:
Шылаушынның шығыны аз, пайдасы көп · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар