Бұқтырмада 200 келі балық аулаған браконьерлер ұсталды
<p style="text-align: justify;">Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында заңсыз балық аулаған 4 адам ұсталды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауына рейдке шыққан. Шара барысында Октябрьский кентінің маңында балық аулаған 4 браконьер ұсталды.
«Тексеру кезінде ер адамдардың балық аулауға рұқсат құжаттарының жоқтығы анықталды. 33-44 жас аралығындағы азаматтардан 2 қайық және 200 келіден астам рипус балығы тәркіленді», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігіне (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.