Ерекше балаларды елегендер
<p style="text-align: justify;">Қарағандының іргесіндегі Пришахтинск елді мекенінде Atlant спорттық-сауық­ты­ру орталығы ерекше қажет­ті­ліктері бар адамдардың да спортпен айналысуына баса мән береді. Мысалы, мұндағы қолайлы пандус, лифт, тұтқалар, арнайы кө­тергіштер, санитарлық арбалары бар дәретхана және жуынатын бөлмелер мүм­кіндігі шектеулі адамдарға арналып жасалған.</p>

Таяуда аталған орталықта «Отзыв» қоғамдық қорының көмегімен денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бөлме ашылды. Оның іші даму, қарым-қатынас және пайдалы дағдыларды игеру үшін қажетті құрал-аспаптармен жабдықталған. Енді, ерекше балалар жүзу, бокс, таэквондо, еркін күрес, ММА, стретчинг, кикбоксинг сияқты спорт түрлерінің үйірмелеріне жазыла алады. Айта кететін бір жайт, мұнда мүгедек балалар мен ересектерге тегін қатысуға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар спорт кешенінде мүгедектер арбашасына таңылған адамдар үшін барлық жағдай жасалыпты. Шағын және үлкен бассейндерде сырғып кетпейтін жолдар бар, адамды суға түсіруге көмектесетін арнайы механикалық «крандар» орнатылған.