М.Әйтенов: Бес жылда 101 мектеп салынады
<p style="text-align: justify;">Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ońtústik» телеарнасының эфирінде білім саласының алдағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
Биыл мегаполистің 202 орта білім беру ұйымдарында 242 525 оқушы білім алуда. Қазір 9 мектеп балаларды үш ауысымда оқытады. Тағы 4 мектеп ыңғайластырылса, мектебі жоқ 11 елді мекен бар. Ал бала-бақшамен қамту мәселесі 100% жүзеге асырылған.
Қала әкімі эфир барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылда 101 мектеп салынатынын айтты.
Жыл басында 32 мектептің құрылысы басталып, қазір оның 24-і пайдалануға берілген. Оның ішінде 20 мектеп жекеменшік болса, 4 білім ұйымы бюджет есебінен салынған.
«Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қалада апатты мектеп мәселесі толығымен жойылды. Үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, ыңғайластырылған мектептер саны 5-тен 4-ке кеміді, мектебі жоқ шағын аудандар 13-тен 11-ге, оқушы толымдылығы артқан мектептер саны 21-ден 17-ге азаятын болады. Жарқын болашақ үшін білім ошақтарын жоғары дәрежеде жабдықтау мен жағдай жасау басты міндетіміз», деді қала әкімі тұрғындарымен тікелей байланысқа шығып.
