QazVac пен Спутник V вакцинасын салдырғандар АҚШ-қа кіре алмайды
<p style="text-align: justify;">Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шетел азаматтары үшін АҚШ-қа кірудің жаңа ережелері туралы мәлімдеді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 8 қарашасынан бастап АҚШ-қа кіруге АҚШ-тың тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитариялық қадағалау басқармасы (FDA) немесе ДДСҰ мақұлдаған COVID-19-ға қарсы екпе алғанын растайтын сертификаты бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Бекітілген тізімге Pfizer-BioNTech, Moderna, Johnson&Johnson, AstraZeneca, Covishield, BIBP/Sinopharm, Sinovac секілді вакциналар кіреді», делінген СІМ хабарламасында.
Сыртқы саяси ведомствода сертификаттар вакцинацияға жауапты мемлекеттік орган бекіткен нұсқа бойынша рәсімделуі тиіс екені айтылды. Бұл құжаттардың түпнұсқа екенін авиакомпания қызметкерлері АҚШ-қа ұшқанға дейін тіркеу кезінде тексереді.