Мәриям – әлем жұлдызы
<p class="2018-" style="text-align: justify;">Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында тұратын Мәриям Ишанғалиева 3-сыныпта оқиды. Биылғы шіл­деде «Әлемдік модель – 2021» ха­лық­аралық байқауына суреттерін жолдаған екен. Ал қыркүйекте байқау қорытындысымен бірінші орынға ие болып, ақтық сайысқа жолдама алған. Жақында шешуші сайыс Сочиде қорытындыланды.</p>

Биыл «Әлемдік модель» байқауына әлемнің 40 елінен үміткерлер қатысуы тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты 25 үміткер бақ сынады. Қазылар алқасының жеті мүшесі Мәриямды 6-9 жастағы қатысушылардың арасынан жеңімпаз деп таныды. Осылайша, атыраулық оқушы байқаудың бас жүлдесін иеленіп, «Әлем жұлдызы» атанды. Оған «Жер шарының супермоделі – 2021» аталымы қоса берілді.
̶ Қызым жолға шығарда «Мен басыма тәж киіп келемін» дегенде, таңғалған едім. Сайыс кезінде аз-кем қобалжығаны байқалды. Өйткені халықаралық сайыста еліміздің атынан жалғыз өзі қатысты. Біз Құрманғазы ауданында тұрамыз. Сол себептен, сахнаға Құрманғазының «Адай» күйімен шықты. Тәжді басына кигізген сәтте қуаныштан жылап жіберді, – дейді анасы Арай Қарабалаева.
Сегіз жасында әлемдік супер модель атанған Мәриям Ишанғалиева бос уақытында би үйірмесіне қатысады. Оған қоса облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Арманы – Оңтүстік Кореяда жоғары білім алып, дәрігер болу.