Коронавирус
3 мин оқу 232

Қайта егу қарашаның ортасында басталады

<p style="text-align: justify;">Жұмыр жердегі жұрттың бәрі жұқпалы дертпен күресіп, жанталасып жатқаны белгілі. Әлемді әбігерге салған індет әртүрлі кейіпке еніп, құрылымы сан құбылып та үлгерді. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі ахуал да бір-біріне ұқсамайды. Бір қуантарлығы, еліміздегі жағдай тұрақталғаны байқалады. Оған дәлел, Үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы үш айда науқастар саны 2,3 есеге азайғанын айтты.</p>

Қайта егу қарашаның ортасында басталады

Қазақстанда соңғы екі айда ауру­шаңдық 3,4 есеге, ал өлім-жітім 4 есеге төмендеді. Коро­на­­ви­рус инфекциясының таралу қар­­қыны бойынша «жасыл аймақ­та» Шымкент қаласы, Ақтөбе, Аты­рау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары, «сары аймақта» – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола және Қарағанды облыстары орналасқан. «Қызыл аймақта» Қостанай, Павлодар және Солтүс­тік Қазақстан облыстары қалады. Бү­гінгі таңда 8,5 млн адам вакци­на­ның бірінші компонентімен, 7,7 млн адам екінші компонентімен егілді.

Екпе алуда елордалықтар да белсенді. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасына Pfizer вакцинасын сақтауға арнал­ған мұздатқыш жеткізілді.

«Өткен демалыс күндері -45-тен -80 градусқа дейінгі темпера­тура­да жұмыс істейтін екі мұз­датқыш әкелінді. Вакцина егу ка­би­нет­теріне арнайы термоконтейнер­лермен жеткізіледі. Бірінші ке­зеңде жасөспірімдер мен жүкті әйел­дерді Pfizer вакцинасы­мен вак­циналау тек медицина­лық ұйым­дар жанындағы вакциналау пунк­терінде жоспарланғанын атап өткен жөн. Pfizer қаланың меди­циналық мекемелеріне түс­кені туралы қосымша хабарланатын бо­лады», деді басқарма өкіл­дері.

Қала бойынша барлығы 90-нан астам вакциналау пункттері жұмыс істейді, сондай-ақ еңбек ұжымдарына вакцина салу үшін көшпелі бригадалар жұмысын жал­ғастыруда.

«Елорда бойынша инфекция­лық стационарлардағы науқастар­дың саны – 477. Бүгінде 10 стационар инфекциялық болып бейімделген, төсектік орын қуаттылығы – 1 097. Бір тәулікте 50-60 адам емделіп, үйге шығарылады. Екпенің 1 ком­по­нентін – 454 579 адам, 2 ком­понентін 419 473 адам алды», деді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Елордада COVID-19-ға қарсы ревакциналау қарашаның екінші жартысында басталады. №15 қала­лық емхананың ЖТД бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сыздықова бустерлік вакцинаны бірінші болып азаматтардың қандай санаттары алатынын айтты.

«Коронавирус инфекциясына қарсы ревакциналау КВИ-мен күресте иммунитетті нығайту үшін жүргізіледі. Оны бірінші ке­­зек­­­те ауруға бейім азаматтар са­­наты алады. Сондай-ақ меди­ци­на қызметкерлері, педагогтер, құ­қық қорғау органдарының қыз­мет­керлері вакцинамен қайта егіледі. Әрине, бәрі ерікті негізде. Сондай-ақ бірінші кезектегі ревакциналаудан созылмалы аурулары бар адамдар, қарт адамдар өткені абзал, өйткені олар тәуекел тобына кіреді», деді Г.Сыздықова.

Қалалық әкімдіктің мәліме­тін­ше, Нұр-Сұлтанда мектеп оқу­шы­ларының ата-аналарымен қауіп­сіздік үшін екпенің маңызы туралы әңгімелесу белсенді түрде жүріп жатыр. Қала мектептерінде екпенің қажеттілігі туралы сауалдамалар мен жадынамалар таратылады. Өйткені балалар арасында да коронавирус жұқтыратындар қата­ры көбейе бастады. Айта кетейік, ­биыл 10 айда Нұр-Сұлтан қаласында ­13 мыңнан астам бала коронавирус ­бо­­йынша ем алды. Олардың ара­сында өлім жағдайы тіркелген жоқ.

Елордадағы эпидемия­лық ахуал­дың тұрақтылығын сақтау жә­не коронавирустың одан әрі тара­луы­ның алдын алу үшін 8 қа­ра­­ша­дан бастап сауда, ойын-са­уық ор­та­­лықтарына жұмыс күн­дері де «жасыл» мәртебесі бар аза­мат­тар ғана бара алады. Тал­дау нәти­же­сі көрсеткендей, үй ка­ран­ти­нін бұзу­шылардың ең көп са­ны дәл осы сауда, ойын-сауық орта­лық­та­рында тіркелген. Ойын-сауық орта­­лықтары адамдар көп жинала­тын және ұзақ уақыт болатын орын еке­нін ескере отырып, коронавирус ин­фекциясының таралу қаупі артады.

Елордалық «Астана Жас­та­ры» жастар ресурстық орталы­ғы қа­лалық Жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының қолдауы­мен 5 тамыз бен 30 қараша аралы­ғын­да КВИ вакцинасының екі ком­понентін алған студенттер ара­сын­да вакциналау туралы үздік бей­­не-челленджге арналған бай­қауды жалғастыруда. Байқау жас­тар арасында COVID-19 таралуына қарсы күресу және вакцинадан өтуге ынталандыру, сондай-ақ студенттер арасында шығармашылық кластерді қолдау мақсатында өткі­зіледі. Жеңімпазға 1 миллион тең­ге, екінші орын иегері 300 мың теңге, үшінші орын иегері 200 мың теңге алады. Сондай-ақ байқауға қатысушылар үшін «Арена fitness», Winox фитнес-залдарының танымал желілерінен және «Хлебный край» компаниясынан ынталандыру сыйлықтары қарастырыл­ған. Конкурсқа астананың орта арнау­лы (колледж) және жоғары оқу орындарының кәмелетке толған студенттері қатыса алады, олар осы жылдың 5 тамызы мен 30 қарашасы аралығында Нұр-Сұлтанның кез келген егу пунктінде вакцинадан өтіп, тиісті құжат алады.

Бөлісу:
Қайта егу қарашаның ортасында басталады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар