Елбасы: Береке-бірліктің қадірін білуіміз керек
<p style="text-align: justify;">Нұрсұлтан Назарбаев Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында тәуелсіздіктің алғашқы күндері­нен бастап береке-бірлікке, ын­тымақ­қа, ұлт­аралық татулық пен дін­ара­лық келісімге негізделген сая­сат­­ты жүзеге асырғанын жазды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
«Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Осының қадірін білуіміз керек. «Бірлігі бар ел озады», дейді дана халқымыз.
Біз дамудың даңғыл жолына түскенде өзіміз сияқты тәуелсіздігін жариялаған Грузия, Әзербайжан, Армения мемлекеттерінде, өкінішке қарай соғыс өрті тұтанып, Приднестровье Молдовадан бөлініп кетті. Тәжікстанда азамат соғысы өршіп, бауырлас қырғыз елінде дүркін-дүркін дүмпулер мен қақтығыстар орын алып, сол жылдары басталған келіспеушіліктер әлі күнге дейін жалғасып, елдің берекесін алып қана қойған жоқ, экономикасын да тұралатып, жылдар бойы алға дамуын тежеді. Украинаның оңтүстік-шығысындағы осы күнгі жанжалдың төркіні де тоқсаныншы жылдардан келе жатқан алауыздықтардан басталды.
Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес», деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев.