Орда бұзған отыз жыл
<p class="2017-" style="text-align: justify;"><span style="letter-spacing: .2pt;">Азаттық – атауы алтынмен әдіп­тел­ген аяулы ұғым. Еркіндікті елден ерек сүйетін халық үшін одан ба­ғалы құндылық, одан қымбат қазы­на жоқ. Осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын тарлан тарихымыздан тамыр тарт­қан аға буынның асыл арманы орындалды. Ұлт болып ұйып, жұрт болып етек-жеңі­мізді жиып жаңа мемлекет құр­дық. Ендігі күні көсегеміз көге­ріп, көк­жиегіміз кеңейіп үш он­жыл­дық дейтін берекелі белес­тен атта­ғалы тұрмыз. Түптеп кел­генде бостандық дегеніңіз бос сөз емес, бұл – бүтін бір халықтың асқақ­та­ған рухы, қайратымыздың қай­нар көзі.</span></p>

Аттың жалы, түйенің қомында жүріп елін дауға, жерін жауға бермеген баһадүр бабалардың ірілігі мен тірілігі халқымызды атажұртсыз қалдырған жоқ. Тұңғыш Президентіміз айтып отырғандай, замана сынына төзе алмаған қаншама ұлт пен ұлыс бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кетті. Алаш баласы да аттан түскен, тағдыры қыл үстінде тұрған кездер аз болған жоқ. Аласапыран жылдарды да, кеселі көп кезеңдерді де бастан өткердік. Соған қарамастан, «мың өліп, мың тірілген» халықтың суішкілігі, көрер жарығы мен бағына бұйырған бақыты бар екен.
Алайда сол бақытты уыстан шығарып алмай ұстап қалған тұғырлы тұлға болмаса еркіндіктің өзі ертегіге, азаттықтың өзі аңызға айналуы мүмкін еді. Тәубе, Елбасы осындай олқылыққа жол берген жоқ. Табандылығы мен еңбекқорлығы, отансүйгіштігі мен ұлтжандылығы ел бағына бұйырған Тұңғыш Президентімізді биікке көтерді. Халық сеніп тапсырған аманатқа қиянат жасамай, жас мемлекетті жасампаздыққа бастады. Егемендіктің елең-алаңында қаз-қаз басқан Қазақстанның қабырғасын қатайтып, еңсесін тіктеді. Бұл туралы Елбасы былай деген болатын: «Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым».
Санымыз артып, қанымыз тулап, жүзіміз жарқырап келеді. Алағай да бұлағай заманда төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымызды шақырып жатырмыз. Елге ел, құтқа құт қосылды. Ел Президенті айтып отырғандай, ордалы отыз жыл халқымыз үшін тұтас дәуірге айналды. Осынау қысқа мерзімде Қазақ елін дүние жүзі танып, ел астанасына адамзат баласы сүйсініп, отандастарымыздың жеткен жетістіктеріне талай адам тамсанып үлгерді. Әлі таңдана, таңырқай беретініне сенім мол. Ең бастысы, ұлттың ұстынына айналған ұлы бақытымыз – тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғап қалуымыз қажет!