Бокс
4 мин оқу 420

Тартысқа толы чемпионат: Жартылай финалға жолдама алған боксшылар белгілі болды

<p class="2018-" style="text-align: justify;">Бокстан Орал қаласында өтіп жатқан Қазақстан біріншілігінің ширек финалдық бәсекесі артта қалды. Еліміздің барлық аймағынан келген 212 былғары қолғап шебері арасынан жүлде алғандардың есімі анықталды.</p>

Тартысқа толы чемпионат: Жартылай финалға жолдама алған боксшылар белгілі болды

Саңлақтар қатары сиреген күн

Ә дегеннен-ақ ел біріншілігі тосын оқиғаларға толы болды. Тұңғыш рет 18 жастағы бокс­шыларға мүмкіндік берген бұл жарыста оннан аса жас өрен ширек финалға жолдама ал­ды. Кейбір салмақ дәрежелерінде чемпиондық атаққа жете алмай жүрген боксшылар мықтылардың жоқтығын пайдаланып, ел чемпионы атануға талпынды. Атап айтсақ, 54 кило салмақта Нұрсұл­тан Алтынбек (Қызылорда облысы), 57 кило салмақтағы Ер­болат Сабыр (Павлодар облысы) қазірдің өзінде кем дегенде қола жүлдеге қол жет­кізіп отыр. Аталған жарыс­та жасы үлкен боксшы болып тәуел­­сіздіктің құр­дасы Абзал Құт­ты­бе­ков тір­келді. 92 кило салмақта жұ­ды­рық­­тасатын Абзал – жарыстың жартылай финалына жолдама алғандардың қатарында.

Чемпионат барысында сенсация да аз болған жоқ. «Жеңімпаз немесе жүлдегер болады-ау» деген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері жарыс жолынан ер­те шығып қалды. Біріншіліктің бе­сінші күні 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері түркістандық Ержан Жомарт жарақатына байланыс­ты жекпе-жекті соңына дейін жеткізе алмаса, жастар арасында әлем чемпионы қарағандылық Сабыржан Аққалықов екінші кездесуінде жеңіліс тапты. Қар­сыластарына жол бергендердің қатарында Қазақстан чемпионы мен жүлдегері болған Олжас Бұқаев, Жандос Жұмабаев, Аза­мат Бектас, Айтан Темірлан сынды боксшылар бар.

Он сегізінде орда бұзбақшы...

Жарыста қызықты жекпе-жек өте көп болды. 71 кило салмақта жұдырықтасқан талдықорғандық Нұржан Амангелді тартысты жек­пе-жектің екінші кезеңінде нокдау­н алып, жарысты аяқтауға жақын еді. Алайда келесі кезеңде тез есін жиған Н.Амангелді қарсыласын нокдаунға жіберіп, жеңісті жұлып алды.

Ұлттық құрама мүшесі, ха­лықаралық дәрежедегі спорт ше­бері Ермахан Жақпековке де ширек финалдық жекпе-жек оңай тиген жоқ. 18 жастағы ақтөбелік Әлихан Мекебаев жастығына қарамастан өзінен әлдеқайда тәжі­рибелі боксшымен терезесі тең өнер көрсетіп, мамандар наза­рына ілінді. Жекпе-жек сәл ғана басымдықпен Жақпековтің пайдасына шешілді.

Ал жақында ғана Белградта өткен әлем чемпионатынан жүл­­десіз қайтқан Нұрқанат Райыс спорт шеберіне үміткер алма­тылық Ильяр Ашировті әупірімдеп жү­ріп ұтты. 18 жастағы бокс­шы кез­десудің аяғына дейін жанкеш­тілік танытқанымен, жеңіс Нұр­қанатқа бұйырды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов осы доданың басы-қасында болып, әр жекпе-жекті назардан тыс қалдырмай, қадағалаумен отыр.

– Әлем біріншілігінде же­ңімпаз бен жүлдегер атанған бокс­шылар және ең көп әрі ауыр кездесу өткізген Асланбек Шым­бергенов биылғы Қазақстан чемпионатынан босатылды. Сон­дықтан бұл додаға тұңғыш рет жастар құрамасында жүрген боксшыларды қатыстырып отырмыз. Біздің мақсатымыз – ұлттық құраманың бойына қан жүгірту. Себебі келер жылы қаңтар айында 19-22 жас аралығында тұңғыш рет Ташкентте өтетін Азия чемпионатына жасы келеді-ау деген чемпиондарды қатыстырамыз. Одан кейін маусым айында жос­парланып отырған ересектер арасында өтетін сары құрлық додасында да топ жаруымыз керек, – деді ұлттық құра­маның бас бапкері.

Бұра тартуға жол берілмейді

Бокс федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттық­тырушы Бақтияр Артаевтың айтуынша, шаршы алаңдағы әрбір кездесуді ұлттық құраманың бас бапкерінен бастап білікті мамандар өз бақылауында ұстап отыр.

– Чемпионат барысында Феде­рация тарапынан арнайы комиссия құрылды. Егерде қандай да бір әділетсіздікке жол берілсе, сол боксшының бапкері шағым тү­сіруіне құқы бар. Сол күнгі жарыс біткеннен кейін шағымды білікті мамандар қарап, әділ ше­шімін шығарады. Біздің басты мақ­сатымыз – Қазақстан боксын жаңа форматқа ыңғайлап, деңгейін көтеру. Жігіттерге мүмкіндік бе­ріп, жанкүйерлерді мықты бокс­шылардың өнерімен қуантсақ деген ниетіміз бар, – деді комиссия төрағасы Б.Артаев.

«Көрген көзде жазық жоқ» демекші, төрешілер тарапынан күмәнді шешім қабылданғанын да байқадық. Мысалы, 80 кило салмақта шығысқазақстандық Ерасыл Жақпеков пен ақтө­бе­лік Жәнібек Қартбаев арасын­дағы жекпе-жекте төреші шығыс­қазақстандық боксшының қолын көтерген-ді. Алайда сол күнгі жарыстан соң төрешілер алқасы жиналып, жеңіске Ж.Қартбаев жетті деп алғашқы шешімді өзгертті. Сондай-ақ 86 кило салмақта тал­ды­қорғандық Шынарбек Бә­тін­ұлы мен қостанайлық Ми­хаил Коханчик арасындағы жек­пе-жектің ше­шіміне жанкүйер­лер наразылық танытты. Тал­ды­қорғандық былғары қолғап шебері қаншама соққы жасап, ұрғанымен, рингтегі төреші бел­сенді болған Ш.Бәтінұлына екі ес­керту беріп, ұпайын кемітіп тас­тады. Осылайша, екінші және үшінші раундта құлаудың алдында тұрған М.Коханчиктің бағы жанып, ширек финалға жолдама алды.

Осыған байланысты біз сайыс­тың техникалық делегаты Қайрат Жұ­манқұловты сөзге тартқан едік. Қайрат Сейітбекұлының айтуынша, осы чемпионатта бес шағым түскен. Соның ішінде төрешілердің шешімімен үш шешім күшін жойса, қалған екі нәтиже өзгеріссіз қалды.

– Чемпионатта 20-ға жуық төреші қызмет атқаруда. Оның ішін­де IBA-ның (бұрынғы AIBA) 1, 2, 3 жұлдызды және ұлт­­­тық дәрежедегі және бірінші санат­­тағы төрешілер бар. Күн сайын IBA-ның 3 жұлдызды төрешілерінің қатысуымен семинар өткізіп жатырмыз. Бүгінге дейін бес шағым түсті. Соның үшеуі қанағаттандырылды. Яғни шешім өзгертіліп, басқа боксшыға берілді. Екі шағымның шешімі өзгеріссіз қалды. Сіз айтып отыр­ған Ерасыл Жақпеков пен Жәнібек Қартбаев арасындағы жекпе-жектің шешімі бейне қай­талаудан кейін өзгертілді. Ал Шынарбек Бәтінұлы мен Михаил Коханчик арасындағы кездесуде ешқандай шағым түскен жоқ, – деді Қайрат Жұманқұлов.

Бөлісу:
Тартысқа толы чемпионат: Жартылай финалға жолдама алған боксшылар белгілі болды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар