Өнер
2 мин оқу 710

Жыр жампозы – Көшеней

<p style="text-align: justify;">Қызылордада Сыр сүлей&shy;лерінің жолын жалғаған жыр жампозы Көшеней Рүстембекұлының туға&shy;нына 75 жыл толуына ар&shy;налған &laquo;Жүрегі жауһар жам&shy;позым&raquo; атты этно-қойылым концерт өтті. Өлмес өнердің отын жақ&shy;қан жырау рухына құрмет танытқан кеш Қармақ&shy;шы ауданы әкімдігі және облыс&shy;тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қол&shy;дауы&shy;мен ұйымдас&shy;тырылып отыр.</p>

Жыр жампозы – Көшеней

Көшеней жыраудың әкесі Рүс­тембек, атасы Жиенбай, арғы атасы Дүзбенбеттер бағзы өнер­дің байрағын ұрпағына аманатта­­ған жандар. Жалғанның жарығын­да жиырма жеті-ақ жыл ғұмыр кешкен Көшеней осы бабалар мұра­сын ғылыми айналымға енгізіп, жыраулық дәстүрдің қазіргі сахна­лық келбетін қа­лыптастырып кетті. Сонау тұ­қиян­нан тамыр тартқан өнердің шоқтығы биік өкілі саналған Кө­шенейді түркі тектес халықтар ғалымдары да жоғары бағалаған.

Жыраудың бала кезінен бас­­тап, ат жалын тартып мінер шағы­на дейінгі өмірінің үзігін бейнелей­тін қойылымнан кейін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жиылған көрерменге лебізін жеткізді.

– Жыраулық өнерге өзге­ше өрнек қосқан Көшеней Рүстем­бе­ков есімі қазақпен бірге жасай беретіні, ұрпақ алмасқан сайын жаң­ғыра түсетіні анық. Ата мұрасын жаңа белеске көтерген жырау өмірі кейінгі толқынға өлмес өнегеге, өзі тарихи тұлғаға айналғанын білеміз. Осыдан аз уақыт бұрын «Қазақтың кү­міс көмей Көшенейі» атты облыс­тық жыр фестивалі өтті.  Ал Қармақ­шы ауданындағы Көшеней Рүстем­бе­ков атындағы жыраулар үйі 15 жыл­дың ішінде дәстүрлі жырдың отын жаққан талай дарынды жас­ты тәрбиелеп шығарып, өнер кө­шіне қосты, – деді мәслихат хатшысы.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі жыр­шы  Берік Саймағанбетов жүр­гізген кеште Көшенейдің інісі Бидас Рүстембеков, баласы Арнұр Көшеней және елімізге бел­гілі жыршы-жыраулар Ұлжан Байбосынова, Шолпан Биім­бе­това, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов, Ақмарал Ноғайбаева, Айдос Рах­ме­товтер  көпшілікке жырдың інжу-маржанын тарту етті. Көне­ден бүгінге жеткен өнер керуеніне жаңадан қосылған жас талап өнер­паздар да көп алдына шықты.

Жырсүйер қауым рухани нәр алған кеш Сырдағы сүлейлер сарынының жоғалмайтынын, тә­лімі тозбайтынын көрсетті.

Бөлісу: