Тоғызқұмалақтан топ жарды
<p style="text-align: justify;">Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мекте­бінің 7-сынып оқу­шысы Малика Әсемханова тоғыз­құмалақтан V Азия чемпиона­тында үшінші орын алды. Ол 14 жасқа дейін­гі қыздар арасында бақ сынас­қан.</p>

Ақтөбе қаласында өткен V Азия чемпионатына Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Түрікменстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінен 150-ге жуық спортшы қатысқан еді.
– Ұлттық спортпен 7 жасымнан айналыса бастадым. Адамның ойлау қабілетін дамытуға көмектесетіндігі қатты ұнады. Сонымен қатар әр жеткен жеңісім қанаттандыра түседі. Алғаш тоғызқұмалақ үйірмесіне ата-анам алып келген. Сондықтан да Азия чемпионатындағы жеңісімді әке-шешеме арнадым. Менің осы дәрежеге жетуім солардың арқасы. Алға қойған жоспарларым көп, – дейді Малика.
Малика бұған дейін де түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, топ жарған. Мәселен, әр жылдары өтетін республикалық додада жүлделі І,ІІ,ІІІ орындарға ие болғанын білеміз. Соның арқасында 2017 жылы «Спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесін де орындаған. Хакім Абай жақсы көріп ойнаған тоғызқұмалақ семейліктерге жақын спорт.
Семей