Экономика
2 мин оқу 232

Депозиттің максималды сомасы көбейді

<p style="text-align: justify;">Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жинақ депозиттер бойынша кепілдік берілген максималды соманың 20 млн теңгеге дейін ұлғайғанын мәлімдеді. 2021 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теңгедегі жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген өтемнің максималды мөлшерін 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтуды көздейтін заңға қол қойған еді.</p>

Депозиттің максималды сомасы көбейді

Тиісті өзгерістер «Қазақстан Респуб­ликасының екiншi деңгей­дегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Заңына енгізілді және 2022 жылдың 11 қаңтарынан бас­тап күшіне енеді. Жаңа өзгеріс­терге сәйкес бір банкте түрі мен валю­­тасына қарай жинақ салымы және басқа да депозиттері бар са­лым­шылар үшін ҚДКБҚ-ның жиынт­ық кепілдік берілген макси­мал­ды сомасы да өседі. Бұл жағ­дайда жиынтық кепілдік беріл­ген максималды сома 20 млн теңгені құрайды.

«Кепілдік берілген максимал­ды соманың өсуіне байланысты ҚДКБҚ салымшылардың да, мем­лекеттік бюджеттің де шығынға ұшырамайтындығын атап өтеді: өтем сомасы жинақтау негізінде қалыптасатын арнайы резервтің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта жинақ­талған арнайы резервтің көлемі ҚДКБҚ жарғылық капиталының 70 пайызын есепке ала отырып, 847 млрд теңгені құрайды. Арнайы резервтің бұл деңгейі заңнамалық тұрғыда бекітілген 5 пайыздық межеден жоғары және үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келеді» делін­ген қор хабарламасында.

Еске салайық, елімізде ислам банктерінен басқа, жеке тұлға­лар­дың депозиттерін қабыл­дауға және жүргізуге лицензия алған бар­лық банктер міндетті түрде депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қаты­сады. Осылайша, барша қазақ­стан­дықтардың екінші дең­гей­лі банктердегі ақшалары жо­ға­р­ыда көрсетілген лимиттер ше­гін­де ҚДКБҚ қорғауына алынады.

10 қаңтар күні қор қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамта­ма­сыз ету бойынша Мемле­кет басшысының тапсырмасын орындау үшін жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттерінің жекелеген түрлері бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін көтеру туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап стандартты өтеу мерзімі 3 және 6 ай жинақ салымдары бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызға, ал 12 ай стандартты өтеу мерзімі бар жинақ салымдары бо­йынша 1 пайызға көбейді.

Бөлісу:
Депозиттің максималды сомасы көбейді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар