Мамандандырылған ХҚО-лар жұмысын қайта бастады
<p style="text-align: justify;">Қазақстанның барлық өңіріндегі мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан мәлім етті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
Берілген ақпаратқа сәйкес, 17 қаңтарда Жамбыл облысының мамандандырылған ХҚО-лары жұмыс істей бастады. Сол күні Алматы облысының автоХҚО-лары іске қосылды.
«Осылайша, Қазақстанда барлық мамандандырылған ХҚО-лардың жұмысы толық қалпына келтірілді», делінген хабарламада.
Еске салайық, қаңтар айының басында төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты ел өңірлеріндегі барлық мамандандырылған ХҚО-лардың жұмысы уақытша тоқтатылған болатын.
12 қаңтарда Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарын қоспағанда, автоХҚО-лар өз жұмысын қайта бастады.
14 қаңтарда Алматы қаласының мамандандырылған ХҚО-сы жұмыс істей бастады.
17 қаңтардан бастап Алматы және Жамбыл облыстарының мамандандырылған ХҚО-ларының жұмысы қайта жанданды.
АвтоХҚО-лардың жұмыс кестесі – 9:00-ден 18:00-ге дейін (Жамбыл облысында 17.00-ге дейін) (дүйсенбі-жұма).
Сенбі және жексенбі – демалыс. Автомобильді тіркеу және қайта тіркеу бойынша қызметті Kaspi және Halyk Homebank банк қосымшалары арқылы ресімдеуге болатынын еске салайық.
Мемлекеттік қызметтер бойынша барлық қажетті ақпаратты 1414 нөмірі және Instagram, Facebook-тегі ресми @gov4c.kz аккаунттардан алуға болады.