Экономика
3 мин оқу 1,960

Банктер несие беру тәртібін өзгертеді

<p class="2018-" style="text-align: justify;">Несиелеу нарығын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Банктердің шектен тыс &laquo;мейірбандығы&raquo; сап тыйылып, енді менеджерлер жеке тұлғаның табысын екі шоқып, бір қарап, талапқа сай келеді деген клиентке ғана несие береді. Сөйтіп қара халықтың несие жүктемесін азайтады. Сондай-ақ жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылданады. Президент тапсырмасынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие беру тәртібін өзгертті.</p>

Банктер несие беру тәртібін өзгертеді

«Қаржы жүйесінің тұрақты­лы­ғы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені бел­гі­лі. Экономика өсіп, ха­лық­тың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несие­ле­рі айтарлықтай артты. Оның мөл­ше­рі бизнесті несиелеу көле­мі­нен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы на­ры­ғын құбылтып, әлеуметтік тұ­рақ­сыздық қаупін тудыруы мүм­кін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қа­рыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­ті­гіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері ар­қылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мемлекет бас­шысының тұтынушылық кре­дит­теуді реттеу бойынша нақ­ты әрі шұғыл шаралар қабыл­дау жөніндегі тапсырмасын іске асы­ру үшін келесідей шараларды жүзеге асырмақ.

Біріншіден, банктердің мен­ші­кті капиталының жеткілік­ті­лігін пруденциялық реттеу шең­берінде жеке тұлғалардың тұты­ну­­шылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен шаралар қабылданады. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептен қарыз алушыда тұрақты кірістің болуын дәйекті түрде растай ал­май­тын кірісті айқындау өл­шем­­­­­шарттары алып тастала­ды. Тәуе­­келге бағдарланған қада­ға­лау шең­­берінде банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтыну­шы­лық кредиттер бойынша қо­сымша шектеулер енгізу де қарас­тырылады. Нәтижесінде, банк­тердің төлем жасау қабілеті жет­кі­ліксіз қарыз алушыларға кредиттер беруі шектеледі.

Екіншіден, Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың бан­крот­тығы тетігі шеңбе­рін­де жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторлардың өндіріп алуына берілген проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылданады.

Үшіншіден, агенттік жеке тұл­­ға­лардың кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің шекті мәндерін реттеу, сондай-ақ кредиттер бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемелерінің есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу бойынша шаралар қабылдайды. Бұл жаңадан берілетін кредиттер бойынша халықтың борыш жүк­те­месінің өсуін шектеуге мүмкін­дік береді.

– Мемлекет басшысының елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін агенттік Ұлт­тық банкпен және Қаржылық мо­ниторинг агенттігімен бір­ле­сіп осы жылғы 10 қаңтарда транс­ше­ка­ралық қаржылық операцияларды жүргізуге бақылау шараларын күшейту туралы бірлескен бұйрықты қабылдады. Күдікті трансшекаралық операциялар тізбесі, сондай-ақ клиент­­терді тиісінше тексерудің кү­шей­тілген ша­ралары бо­йынша қаржылық мониторинг субъек­ті­лерінің іс-қимыл тәртібі бел­гі­ленді. Агенттік аталған бұй­­рық шеңберінде банк­тер­дің клиент­тер­ді тиісінше тексеру жө­нін­­дегі күшейтілген шараларды сақ­тауын бақылайды, сондай-ақ банк­тер клиенттерінің ірі транс­шекаралық операцияларына елден капиталды заңсыз шығару белгілерінің болуы тұр­ғы­сынан күнделікті мониторинг жүр­гі­зе­тін болады, – дейді агент­тік бас­шысы.

Банк мәселелері жөніндегі тә­уелсіз сарапшы Нұржан Бияқа­ев агент­тік борыштық жүк­теме коэф­фициентіне бая­ғы­дан бері на­зар аударуы керек еді, дәл осы құралдың қолданылмай қалуы несие жүктемесінің шамадан тыс артып кетуіне себеп болды дейді.

М.Әбілқасымова басқаратын агенттіктің бастамасынан соң екін­ші деңгейлі банктердің несие бе­ру тәртібін қатайтатыны белгілі болды. Енді баяғыдай қарызды оңай ресімдеу мүмкін бола қой­май­ды. Сондай-ақ агенттік басшысы жалпы сектордағы ахуалды тұрақты деп мәлімдейді.

«Үздіксіз қызметті қам­та­ма­сыз ету және халық пен бизнес үшін банктік қызметтерді то­лықтай көрсету үшін банк­тер­дің меншікті капиталы мен өтімділігінің ай­тарлықтай қоры бар. Банктер капиталының жет­кі­ліктілігі ең төмен талаптардан 3 есе көп, өтімділік те реттеу мәндерінен 4 еседен асады. Халыққа және биз­неске қол­дау көрсету үшін осы жылғы 10 қаң­тарда агент­тік төтенше жағ­дай­дың ен­гізілуі нәтижесінде зар­дап шеккен жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беру бойынша бұй­рық қабылдады. Төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұл есептеуге тыйым ен­гізілді, сондай-ақ шағым-талап жұмысы тоқтатыла тұрады», деді М.Әбілқасымова.

Бөлісу:
Банктер несие беру тәртібін өзгертеді · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар