Қоғам
3 мин оқу 155

Карантинді жеңілдету жауапкершілікті азайтпайды

<p style="text-align: justify;">Елдегі эпидемиялық жағдайға қарамастан, инфекциямен күресудің екі жылдық тәжірибесін ескере отырып карантиндік шараларды жеңілдетудің үш тәсілі әзірленді. Бұл білім беру ұйымдарына, карантин мерзіміне және бизнес қызметіне байланысты.</p>

Карантинді жеңілдету жауапкершілікті азайтпайды

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақы­лау комитетінің төрағасы Айжан Есма­ғам­бетованың айтуынша, жыл басынан бері республикада 178 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясы­мен ауырған.  Пандемияның бүкіл кезеңімен салыстырғанда алғаш рет сыр­қаттанғандардың тәуліктік тіркелуі 16 мыңнан асты. Бұл «Омикрон» штамы­ның өте жоғары жұқпалығына және таралу жылдамдығына байланыс­ты. Соған қарамастан карантин талаптары жеңілдетіліп отыр.

– Білім беру ұйымдарында балаларды оқыту форматы қайта қаралды. Оқытудың онлайн форматы білім сапасына және оқушылардың, әсіресе бас­тауыш сыныптардың әлеуметтенуіне әсер етеді. 1 және 2-тоқсанда мектеп­терде оқушылардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бойынша жұмыс тәжіри­бесі қалыптасты. Осыған байланыс­ты 24 қаңтардан бастап сыйымдылығы 600 оқушыға дейінгі көлемді құрайтын мек­теп­тер штаттық форматқа ауысты. Ал оқушы саны 600-ден асатын мек­теп­­терде оқытуды ұйымдастыруға сара­ланған тәсіл қолданылады. Яғни оқушылардың 50 пайызы ғана штаттық фор­мат­та оқытылады. Оқыту форматын таңдау кезінде міндетті түрде вакцинамен қамту деңгейі ескеріледі. Жоғары оқу орындары мен колледждерде де сараланған тәсіл енгізілді: дәрістер – онлайн, қалған сабақтар қолайлы кесте бойынша штаттық режімде өтеді, – деді А.Есмағамбетова. 

Сонымен қатар санэпидбақылау органдары тұрақты негізде індетке қарсы шаралардың сақталуына мониторинг жүргізеді. Егер сыныпта КВИ жұқтыру жағдайы анықталса, бүкіл сынып онлайн форматқа ауыстырылады.

Инфекцияның таралу жылдамды­ғы мен жұқпалылығын ескере отырып, карантин мерзімі, сәйкесінше, Ashyq қосым­шасындағы мәртебенің өзге­ру мерзімі қайта қаралды. А.Есма­ғам­бетованың айтуынша, жақын байланыс­та болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл ретте ПТР-тесті теріс нәтижені көр­сет­се, 7-ші тәулікте карантин аяқ­тала­ды. ПТР-тестінен өтпеген жағ­дай­да, ка­ран­­тин ПТР-тесті қайта тап­сырусыз-ақ 10-шы күні аяқталады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бизнес субъектілеріне қойылатын шектеулер­ді төмендету тәсілдерін әзірледі. Биз­нес нысандарында Ashyq жоба­сын одан әрі енгізу жалғасын табады. «Жасыл» және «көк» мәртебесі бар келушілерге рұқсат етілген нысандар үшін барлық аймақта жұмыс істеу уақы­ты­на қатысты шектеулер алынып тасталады. Эпидемия­лық тәуе­келі жоғары болса да, Ashyq-та «жасыл» мәртебесі бар адамдар той, еске алу шараларын, спорттық іс-шара­лар­ды, көрмелер мен форумдарды өткізе алады. Эпидемиялық тәуе­кел аймағына қарамастан «көк» мәр­тебесі бар адамдар қонақүйлерге, әуе­жайларға, темір жол вокзалдарына, автовокзалдарға, Халыққа қызмет көр­­сету орталықтарына, «Қазпошта» бөлім­шелеріне, банктерге, қоғамдық тамақ­тану орындарына, жабық базар­ларға, білім беру орталықтарына, СПА-орталықтарға, сұлулық салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдарға шектеусіз кіре алады, – деді комитет төрағасы.

Ал «көк» мәртебесі бар келушілер үшін «жасыл аймақтағы» шектеулер алынып тасталады. Қоғамдық тамақ­тану орындарының, мәдениет нысан­дарының, ересектер мен бала­лар­ға арналған ойын-сауық орын­дарының толымдылығы «сары аймақта» – 70 па­йызға дейін, «қызыл аймақта» 60 па­йызға дейін ұлғайтылды.

– Бизнестің барлық саласында каран­тиндік шаралар жеңілдетіледі. Бұл – оларға берілген мүмкіндік. Тиісінше, бұған үлкен жауапкершілікпен қарау керек, – деді А.Есмағамбетова. 

Денсаулық сақтау жүйесіндегі жүктеме артып, коронавирустың салдарынан болатын өлім-жітімнің көбеюі анықталған кезде қосымша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.

Бөлісу:
Карантинді жеңілдету жауапкершілікті азайтпайды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар