«Шаңырақ» аясындағы «Шалқыма»
<p style="text-align: justify;">Павлодар облыстық «Ша­ңырақ» халық шығар­машылығы орталығының жанынан «Шалқыма» атты дәстүрлі ән-жыр үйір­месі ашылды. Мұнда қа­ты­су­шылар домбырамен қа­тар қыл қобызды да үй­рене ала­ды.</p>

Қорқыттың қарағайдан қайырып, үйеңкіден үйіріп алған қыл қобызы – әлемдегі ең көне аспап. Бүгінде оның тілін білетін өнерпаздар көп емес. Сондай-ақ көпшілікке үйрету бағыты да ақсап тұрғаны мәлім.
– Қобыздың үнінде қазақтың мұңы, қуанышы мен қайғысы жатыр. Мұндай саф өнерді жоғалтып алмау маңызды. Оны насихаттау аймақтағы мәдениет, руханияттың ордасы саналатын халық шығармашылығы орталығы үшін маңызды міндет болып табылады, – дейді облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы Жарқынбек Амантай.
Ал «Шалқыма» үйірмесінің жетекшісі Бөкен Жігердің айтуынша, басымдық қобызға беріледі.
– Қазақтың дәстүрлі, халық әндерін, күйін үйретеміз. Біздегі басты ерекшелік, қатысушылар тек домбыра ғана емес, қобызда ойнауды да үйренеді. Үйірме жұмысында осы көне аспабымызға басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат – қыл қобызды дәріптеу. Онымен қоса, қоғам арасында, әсіресе жастар тарапынан қобызға деген қызығушылықтың жоғары екенін байқадық, – дейді ол.