Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өту тәртібі өзгерді
<p style="text-align: justify;">Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

ВАК отырысында карантин кезеңінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды.
Ведомствоаралық комиссия уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады:
- Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына;
- визалық талаптар сақталған жағдайда шетелдіктерге визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) Қазақстан Республикасының аумағына/аумағы арқылы кіруге/транзиттік өтуге рұқсат беріледі.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары үшін автоөтпе жолдары арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайтылды, енді қазақстандықтар 15 тәулікте 1 рет шыға алады.
Елге кіру кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцина алғанына қарамастан, 72 сағат ішінде жарамды COVID-19-ға теріс ПТР-тесті туралы анықтаманы ұсынуы керек. Бірге алып жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған жағдайда 5 жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді.
Бұл шаралар экономикалық қызметті жандандыруға, отандық туристік бизнесті дамытуға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесу барысында Үкіметке коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша карантиндік шараларды қолдану тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын.