Білім
3 мин оқу 1,281

Ақтауда медицина университетінің филиалы ашылды

<p style="text-align: justify;">Ақтауда жоғары оқу орны жоқтың қасы. Әсіресе дәрігер мамандығын меңгергісі келгендер Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына қарай бағыт түзейді. Бір жағы осы себептен де болар, Маңғыстауда дәрігер жетіспеушілігі жылдар бойы өзекті қалпында қалып келеді. Қазір Маңғыстау облысы дәрігерлердің тапшылығы жоғары өңірлер қатарына кіреді.</p>

Ақтауда медицина университетінің филиалы ашылды

2021 жылғы төртінші тоқсан­­ның қоры­т­ындысы бойынша ең төмен­гі есеппен мемлекеттік медицина­­лық ұйым­дарда 228 маманның же­тіс­пеу­шілігі байқалды. Олар – жал­пы, дәрігерлік практика, ересек­тер мен балалар анестезиологы, реани­матолог, терапевт, акушер, ересек­тер мен балалар гинекологы, педиатр, онколог, оториноларинголог, ­офтальмолог, психиатр, неонато­лог, рентгенолог, томограф, УЗИ дәрігері және басқалар.

Өңір басшылығы осы олқы­лықтың орнын толтыру үшін, сондай-ақ облыстың әлеуетін көтеру, кадр тапшылығын азай­ту мақсатында Ақтау қала­сы­нан М.Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан медицина универси­тетінің Ақтау қаласындағы фи­лиалын ашуға қол жеткізді.

– Қазақстан Республикасы­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2020 жылғы 1 қыр­­кү­йектегі Қазақстан хал­қына Жол­дауының негізгі бағыт­тарының бірі – ден­саулық сақтау жүйесін дамыту, атап айтқанда, сапалы және қолжетімді медициналық көмек беру. Осы мақсатта М.Ос­панов атындағы Батыс Қазақ­стан мемлекеттік медицина уни­верситетінің филиалы Маңғыстау өңірінде ашылғалы отыр. Бұл аймақта дәрігерлер даярлап шы­ға­ратын үлкен білім шаңыра­ғы болмақ. Еліміздің медицина университеттерінде бакалавр, интернатура, резидентура және магистратурада оқып жатқан студенттер енді Маңғыстауда білім алуына мүмкіндік туып отыр. Осыған орай облыс әкімді­гі тарапынан қосымша грант­тар бөлініп, студенттер білім алуда. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемле­кеттік медицина университеті фи­лиа­лының ашы­луы резиденттерге оқу мен тәжі­рибені қатар ұштастыруға мол мүмкіндік береді. Аталған білім шаңырағы антына адал дәрігерлер даярлап шығаратын үлкен білім ордасы болатынына сенеміз, – деді филиалдың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова.

Республикалық көрсеткішпен салыстырсақ, облыста дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға шаққанда 17,1%-ды құрайды. Бүгінде жергілікті бюджет есебінен еліміздің ме­ди­циналық жоғары оқу орнында интернатура мен резидентурада 82 студент білім алуда. 2018 жылы 11 резидент, 2019 жылы 39 резидент, 5 интерн, 2020 жылы 9 резидент, 4 интерн, 2021 жылы 11 резидент, 3 интерн тегін оқуға түскен. Сондай-ақ 2023-2025 жылы жергілікті бюджет есебінен резидентура маман­дарын даярлау үшін 2023 жылы ­36 грант, 2024 жылы 50 грант, ­2025 жылы 72 грант бөліну жоспар­ланып отыр.

М.Оспанов атындағы медици­на­лық университетте білім алған түлектер өңірдің медицина саласында аз емес. Мысалы, Маңғыстау облыстық ауруханасында 11 резидент, облыстық балалар ауруханасында 1 резидент, Мұнайлы орталық аудандық ауруханасында 1 резидент, Ақтау қалалық №2 емханасында 20 интерн, 60 дәрі­гер, Жаңаөзен қалалық №2 емханасында 12 интерн, 19 дәрігер, Сенім медициналық емханасында 30 дәрігер, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында 32 дәрігер, Жаңаөзен қалалық №1 емханасында 19 дәрігер, Жаңаөзен қалалық №3 емханасында 24 дәрі­гер, облыстық онкологиялық диспансерде 13 дәрігер, облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдемде 7 дәрігер, «Нейрон Өзен» емханасында 3 дәрігер, облыстық фтизиопульмонологиялық орта­лықта 7 дәрігер, Қарақия орталық аудандық ауруханасында 33 дәрігер жұмыс істейді. Маңғыстаулық студенттер үшін қолайлы болған бұл жаңалық нәтижесінде, 65 жыл­дық тарихы бар медициналық университеттің профессор оқыту­шылары енді Маңғыстау өңіріне келіп қызмет ететін болады. Ақтау қаласындағы «Мейірбике» медицина колледжінің жанынан ашылатын филиалда оқу жүйесі ақылы және бюджеттік бағытта жүзеге асы­рылады. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қа­зақ­стан мемлекеттік медицина уни­верситетінде 766 студент білім алып жүрсе, олардың арасында маңғыстаулық болашақ дәрігерлер де аз емес.

Филиалдың ашылу салтана­тын­­да университеттің дирек­торлар кеңесінің төрағасы, меди­цина ғы­лымдарының докторы, про­фессор, Медицина ғылымдары акаде­мия­сының академигі Ж.Досқалиев, аталған университет ректорының міндетін атқарушы, медицина ғы­лым­дарының докторы, профес­сор Э.Исмагулова, денсаулық сала­сының ардагері, «Мейірбике» кол­леджінің директоры Ә.Сағымбаев, Маңғыстау облыстық перинатал­дық орталығының акушер-гинеколог хирургі Нұрлан Жакиев сөз алып, өңір медицинасы мен білім саласындағы жаңалыққа қолдау білдірген өңір басшылығына риза­шылықтарын білдіріп, филиал жұ­мысына сәттілік тіледі.

Маңғыстау облысы

Бөлісу:
Ақтауда медицина университетінің филиалы ашылды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар