Спорт
2 мин оқу 142

Томаштың табысына қуандық

<p style="text-align: justify;">Бейжіңде өткен қысқы Олимпия ойындарының шайбалы хоккейшілер сайысында Словакия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет қола медаль иеленгені белгілі. Канадалық маман Крейг Эдвард Рэмзи жетекшілік еткен команданың сапында Нұр-Сұлтанның &laquo;Барыс&raquo; клубының шабуылшысы Томаш Юрчо да өнер көрсетті. Ал біз сол ойыншы жайында не білеміз?</p>

Томаштың табысына қуандық

Томаш Юрчо 1992 жылдың 28 желтоқсанында бұрынғы Чехословакияның Кошице қа­ласында дүниеге келді. Бала ке­зінен хоккейге қызыққан ол 16 жасында Канадаға аттанып, түрлі ортаңқол клубтарда өнер көрсетті. Арада төрт жыл өткен­нен соң Ұлттық хоккей лига­сын­дағы (ҰХЛ) майталман маман­дардың қырағы назарына ілікті. Содан бес маусым бойы «Детройт Ред Уингз» бен «Чикаго Блэкхокстың» намысын қорғады. 2019-2020 жылдар аралығында Юрчо «Эдмонтон Ойлерзде» ойнады. ҰХЛ-да ол барлығы 223 рет мұз айдынына шығып, 54 ұпай (23 гол+31 пас) жиды. Америкалық хоккей лигасында (АХЛ) 240 кездесу өткізіп, 169 ұпайды (82+87) еншіледі.

Былтыр Томаш «Барыстың» жейдесін киді. Қазақстанға келген бетте өрелі өнерімен көзге түсіп, сан рет жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Оның Құрлықтық хок­кей лигасындағы (ҚХЛ) айшық­ты ойыны мамандар тарапынан оң бағалануда. Сол кезден бері 17 мәрте мұз айдынына шық­қан словакиялық шабуылшы қар­сыластар қақпасын 3 рет дәл көздеп, 8 рет нәтижелі пас берді. Барлығы – 11 ұпай.

Өз елінің ұлттық құрамасы сапында Томаш Юрчо 2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысты. Ол жарыста Словакия 11-орынды қанағат тұтты. Юрчо төрт бәсекеде бір рет нысананы дәл көздеді. 2015, 2016 және 2018 жыл­­­дары ұйымдастырылған әлем чем­пионаттарында бақ сы­наған хоккейші 11 матчта (2+7) 9 ұпай жиды. Одан бөлек, То­маш жасөспірімдер мен жастар ара­сындағы дүниежүзілік додаларда да өнер көрсетті.

Осыған дейін Олимпия ойындарына жеті мәрте қатысқан Словакия ең үздік нәтижеге 2010 жылы Ванкуверде қол жеткізді. Жартылай финалда канадалықтардан (2:3) ұтылған олар қола медаль үшін тартыста Финляндияға (3:5) жол берген еді. 2006 жылы Туринде бесінші орын алса, 1994 жылы Лиллехаммерде алтыншы сатыға табан тіреді.

Бейжіңде Словакия құра­масының бағы жанды. Топтық турнирде финдер (2:6) мен шведтерге (1:4) есе жіберіп, Латвияны (5:2) ойсырата ұтты. Соңғы ойында Юрчо бір гол соғып, бір рет нәтижелі пас берді. Плей-офф сайысында олар Германияның қақпасына жауапсыз төрт шайба салды. Ширек финалда АҚШ-тан (3:2) буллит соғу барысында басым түсті. Жартылай финалда финдерге (0:2) әлдері жетпеді. Ал үшінші орын үшін бәсекеде Швецияға (4:0) шаң қап­тырып кетті. Осылайша, Словакия хоккейшілері Олимпия ойындарының қола жүлдегері атанды. Дәп қазіргі кезде қа­зақ­­стандық жанкүйерлер де ға­ламдық додада үшінші орынға табан тіреген команданың сапын­дағы «Барыстың» ойыншысы Томаш Юрчоны Бейжіңдегі тола­ғай табысымен құттықтауда.

Бөлісу:
Томаштың табысына қуандық · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар