Жаңалықтар
6 мин оқу 1,530
Қаладағы этноауыл
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық татулық пен этносаралық келісімге құрылған қамтымды саясаты шығыс өңірінде жан-жақты жүзеге асырылып келеді. Көп ұлтты еліміздің шығысында тағдыр талайы тоқайластырған түрлі ұлттар мен ұлыстар молынан шоғырланған. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, қоғамның барлық саласында еңбек етуде. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан ұлыстардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға қолайлы жағдай жасалып отыр. Дәлел – Өскемендегі этноауыл.
Қаланың қақ ортасынан, Ертіс өзенінің сол жағалауынан орын тепкен этноауыл соңғы жылдары облыс орталығының тұрғындары мен меймандары қыдырыстайтын мәдени демалыс орнына, халықаралық, республикалық және облыстық игілікті іс-шаралардың орталығына айналды.
105 ұлт пен ұлыстың өкілдері мекен етіп жатқан шығыс өңірінде достықтың туы әрдайым биік. Бір атаның балаларындай ортақ шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешкен шығысқазақстандықтардың бойындағы толеранттылық – тарихтың өзі қалыптастырған тамырлы қасиет. Өскемендегі этноауыл осынау қоғамдық үйлесімнің шағын моделі сияқты әсер қалдырады.
Этноауыл – Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылған бірегей жобалардың санатында. Жалпы, Шығыс Қазақстан соңғы бесжылдықта елімізде игі идеялардың ту тігетін тұғырына, баянды бастамалар өңіріне айналды. Мемлекет басшысының қолдауымен ұлтаралық қарым-қатынасты дамытудың бірегей жобалары да осы өлкеден бастау алады. Мәселен, 1992 жылы Елбасының қатысуымен еліміздегі алғашқы Достық үйі Өскеменде ашылған болатын. Бұл тәжірибе оң нәтиже берген соң барлық өңірлерде Достық үйлері құрылды. Сол сияқты этноауыл жобасы да алғаш рет осыдан бес жыл бұрын шығыста салынды. Қазіргі кезде жап-жасыл ландшафтты, гүлзарлары мен бау-бағы, өткен ғасырлардан ғибратты сыр шертетін ғимараттары көздің жауын алатын этносаябаққа табан тигізіп тұрып, оған дейін бұл аумақтың қандай мақсатта пайдаланғанын елестете де алмайсыз. Иә, бұл саябақ бірден бос алаңқайға тұрғызыла салған жоқ. Этносаябаққа келген кез келген мейман алып аркалы қақпадан кіреберісте саябақтың құрылыс барысындағы тарихымен фотошежіре арқылы таныса алады. Осыдан бес жыл бұрын бұл аумақ тұрмыстық және құрылыс қалдықтары мен темір-бетон үйінділері шашылып жататын үлкен қоқыс алаңы болды дегенге көңіл шіркін сенбейді.
Өскемендегі сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафтты қорық-мұражайының директоры Николай Зайцевтің айтуынша, этникалық ауылдың бірінші кезегі бар-жоғы 28 тәулік ішінде салыныпты. Бұл жұмыстың жедел жүргізілгеніне шетелдік қонақтардың өзі таңғалады. Себебі, көптеген елдерде құрылысқа арналған жер телімін бөлуге екі жыл уақыт жұмсалатын көрінеді.
Этноауыл салу жөніндегі алғашқы идея Орынбор қаласында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық әріптестік жөніндегі алтыншы форумда туды. Құрылысты қызу жүргізуге өңірдің іс-тәжірибесі жеткілікті, табиғи қолайлылығы жағынан да мүмкіндіктері бар еді. Нәтижесінде екі ел арасындағы әріптестікті жетілдіре түсуге арналған келесі форум Өскеменде өтіп, үлкен жиында бірегей этноауыл салтанатты түрде ашылды. Этноауылдың тұсауын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кесті. Салтанатты жиында Елбасы алдында аталған ауылдың «тұрғындары» – өңірдегі ұлттық-мәдени бірлестіктердің өкілдері өз ұлттарының өнері мен мәдениетін паш етті. Олар өздерінің халық әндерін айтып, ұлттық билерін биледі. Бұл Елбасының ұйытқы болуымен қалыптасқан еліміздегі ұлтаралық татулықтың үйлесімділігін дәйектеген көңілді, жарқын күн болды.
Осылайша, қысқа мерзім аралығында ауқымды жұмыс жүргізіліп, Қазақстандағы бірегей этноауыл салынды. Оның көшесінде ұлтаралық және дінаралық келісім мен түрлі ұлыстар арасындағы достық пен бейбітшіліктің ғасырлар бойы қалыптасқан берік жібі жарасымдылықпен көрініс тапты. Айталық, бұл көшеде қазақ, орыс, украин, ұйғыр, корей, татар, белорус, еврей, неміс, поляк, әзербайжан, чешен және армян ұлттарының қонысжайлары орналасқан. Үш үй кірпіштен, ағаш пен тастан қаланып, қазақ және орыс қонысжайлары шаруашылық бөлігімен бірге бой көтерсе, қалған этностардың әрқайсысына екі үйден арналды. Жеті гектар аумақты қамтитын этноауылдағы әр қоныстар түрлі тарихи уақытты қамтыды. Мәселен, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы отырықшы қазақ қонысы, көне ғасырлардағы Дәндібай және Ұлан ауданының Күнгей қонысындағы тас үйлердің көшірмесі, ХІХ ғасырдың соңындағы орыс кеншілерінің үйі, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы поляк, ұйғыр қоныстары мен сол ғасырдың орта шеніндегі татар, өзбек, армяндардың дәстүрлі үй-жайларының үлгісі өз заманымен бірге көшіп келіп, этноауылға орнай қалғандай болды. Қазақ қонысының Абайдың соңғы он жыл өмірін өткізген Жидебайдағы үйіне өте ұқсайтынын да байқау қиын емес.
Мұндай этноауыл еліміздің бірде-бір қаласы мен елді мекенінде әзірге салына қойған жоқ. Қазіргі уақытта онда грузин қонысының құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта өзбек және қырғыз халқының дәстүрлі үйлерін салу жоспарланған.
– Біздің ауылымызда барлық қоныстар мен ондағы заттар тарихи шындыққа сәйкес келеді. Ғимарат, аула, материалдар, тұрмыстық жабдықтар, тіпті сол ұлттың киіміне дейін әбден сараланып, тура өмірдегідей орналастырылды. Басым бөлігі – біз өмір сүріп отырған кезеңге дейін жеткен шынайы жәдігерлер. Тіпті, кейбір жәдігерлерге бір ғасыр, кейбіріне одан да артық уақыт болған. Бұл жәдігерлермен тарихқа, мәдениетке, дәстүрге қызығушылық білдіретін жерлестеріміз бен шығыс өңіріне келген меймандар жете таныса алады. Біз этноауылды көңіл көтеретін ойын-сауықтық бағытта емес, адамның жан дүниесін байытатын рухани орталық ретінде салдық. Сондай-ақ, мұнда мерекелер мен басқа да маңызды оқиғалар барысында ұлттық тағамдар әзірлеуді үйренуге жағдай жасалған. Этноауылдағы дәстүрлі музыка, поэзия, әдебиет мен сәндік-қолданбалы өнер үлгілері де қазақстандық қоғамды біріктіретін ұлттық салт-дәстүрлеріміздің айнасы бола алады, – дейді қорық-мұражай директоры Николай Зайцев.
Этноауылға бүгінде алыс-жақын шетелдерден делегациялар, мәртебелі меймандар жиі келеді. Келеді де мұндағы ашық та мейірімді, достық бейілді білдіретін құрылымға қайран қалады. Әлбетте, олардың барлығы осынау ұлтаралық келісімнің бірегей моделін жоғары бағалайды.
Этностық ауылдың өз алаңқайы бар. Оның ортасында қазақтың ақ шаңқан киіз үйі іспетті жасалған мәжіліс залы орналасқан. Ортақ шаңырақтың символына айналған осы ғимаратта маңызды жиындар, келелі басқосулар өтіп тұрады. Мәселен, былтыр Абай үйі аталатын ақшаңқан киіз үйде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық этнофестивалінің мәртебелі меймандары БАҚ өкілдерімен сұхбаттасты. Сондай-ақ, жазғы сахнада да жарқын кештер ұйымдастырылады. Аталған сахнада «Домбыра шертіп, сырнай ойна!» атты облыстық музыка байқауы үш мәрте өтті. Онда қобыздың сарыны да, домбыраның қоңыр үні де, баян мен сырнайдың сырбаз дауысы да түрлі ұлттардың ән мен жырынан шашу шашып, этносаябақты әдемі ән-күйге бөледі. Өткен жылы жазушы Оралхан Бөкейдің құрметіне арналған «Шығыс шынары» халықаралық жыр мүшәйрасы да үшінші мәрте осы сахнада шайырлардың басын қосты. Этноауыл базасында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы да ұйымдастырылды. Біз бірлі-екілі шараларды ғана айтып тұрмыз. Этноауылда өтіп жатқан жиындардың барлығын қамту мүмкін де емес. Тек бұл бірлестіктің ұлтаралық келісім үлгісін насихаттау орталығымен қатар түрлі мәдени шаралар орнына, сейіл алаңына айналғанын жеткізбекпіз.
Соңдай-ақ, мұнда көрме залы, өткен ғасырдың ескерткіштері аллеясы, қайық стансасы, балаларға арналған ертегі әлемі, хайуанаттар бағы орналасқан. Саябақ аумағы әжептәуір ауқымды болғандықтан, қонақтар мен келушілерді доңғалақты пойыз тасымалдайды.
Ең бастысы, этноауыл – жасыл табиғатқа мүлгіп тұрған ғажайып мүйіс. Мұнда өсімдіктің 500-ден астам түрі өсіріледі. Оның ішінде 300-ге жуығы сирек кездесетін өсімдіктерге жатады екен. Этноауылда қалалықтардың өзі байқай бермейтін опунция кактусы көктеп, орман құстары құйқылжытып ән салады. Осынау ұлт пен нәсілі үшін бөле-жармайтын шекарасыз аумаққа, табиғат пен адамзат арасындағы айрықша үйлесімге толы этноауылға жұртшылық та толассыз ағылады. Оларды саябақ жолдары бейбітшілік пен келісім мекеніне, достық көшесіне жетелей жөнеледі.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.

ӨСКЕМЕН.Бөлісу: