Жаңалықтар
7 мин оқу 852

Атаулы әлеуметтік көмек керек пе?

tson-2 Атаулы әлеуметтік көмек 2001 жыл­дың 24 желтоқсанында «Мем­лекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы» Қазақстан Республикасы Заңы шыққаннан кейін беріліп келеді. Бұл елімізге нарықтың келуі­не байланысты 90-шы жыл­дар­дағы экономикалық дағдарыстан мелтектеп енді шығып келе жат­қан кез еді. Қалада өндірістік кәсіп­орын­дар, орта және шағын бизнес әлі күш алып кете қоймаған. Ал арбасы сынып, өгізі өлген ауыл ша­руашылығының жағдайы тым нашар еді. Қалада да, ауылда да жұмыссыздық жайлаған, адамдардың иығынан ала дорбасы әлі түспеген уақытта осы атаулы әлеуметтік көмектің қажеттігі білінген де болар. Алғашында бұл көмекті жұмыссыз, бала-шағасы нәпақасыз қалған екінің бірі алды. Содан көп уақыт өтпей-ақ, атау­лы әлеуметтік көмектің адамдарды масылдыққа итермелейтіні жөнінде пікірлер айтыла бастады. Жангелдин ауданындағы Көкалат ауылы аудан орталығы Торғайдан 80 шақырым, облыс орталығынан 680 шақырым жерде жатыр. 90-шы жылдардың қиындығын көрудей көріп, үлкен ауылдан үдере көше-көше жиырма шақты ғана үй қалған болатын. Сол жиырма шақты үй бұл күнде малын бағып, бақшасын егіп отыр. Сондағы еңбек ардагері Кәкімжан Кәрбозов осыдан 5-6 жыл бұрын осы атаулы әлеуметтік көмектің пайдасынан зиянының мол екенін айтып, біраз жерге жар салды, газет бетінде мақала-пікірлерін де жазды. Атаулы-әлеуметтік көмек ауыл адамдарын масылдыққа үйретеді. Ай сайын жұқаналап келген 5-6 мың теңгеге азық-түлігін алып алады да, үйде бұғып жататындар бар. Бір қозы алса, сол жазда марқа, күзде тоқты болмай ма? Сөйтіп, малды көбейтсе, ол ешкімді де шығынға тастамайды. Шаруашылықта жұмыс жетеді, бірақ атаулы көмекке сенгендер жанын қинағысы келмейді, ертеңін ойламайды, деп Көкалат ауылын 90-шы жылдары сақтап қалуға себепкер болған білікті шаруашылық ұйымдастырушы, еңбек ардагері Кәкімжан аға күйіп-пісетін. Жақында осы Көкалат ауылы қарайтын Албарбөгет ауылдық округінің әкімі Отаралы Біржекеновке хабарластық. – Бізде атаулы әлеуметтік көмек­ті ауылдық округ бойынша бір ғана адам алады. Ол да денсау­лы­ғы­на байланысты алуға мәжбүр. Жұмысқа жарап қалғанда тапқан табысы күнкөріс қоржынынан асады да, көмектің бұл түрін алмайтын уақыттары да болады. Қазір ауылдағылардың жағдайы жаман емес. Жайылым, шабындық жетеді, малды да тұрғындар жеткілікті ұстайтын болған. Ешкімнің де дәл сол атаулы көмекке қарап қалған күні жоқ. Оңтүстік облыстардан келіп, малды тірідей салмақта алып кететіндер бар. Ауылдағылар еңбекпен баққан малын осылай пұлдайды,– дейді Отаралы. Албарбөгет ауылдық округін­де 18 шаруа қожалығы бар. Ауыл­дағылардың біразын олар жұмыспен қамтиды. Оның сыртында ауылда зейнеткерлер көп, біраз отбасын мектептердегі мұғалімдер құрайды. Олардың үйіне ай сайын ақша кі­ріп тұрады. Сонда күнкөрісін тек қо­расындағы малымен айырып отыр­ғандардың саны бірден азаяды да, атаулы әлеуметтік көмектің қажетсіз болатындығы да сондықтан екен. Жалпы, облыста алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр атаулы әлеуметтік көмекті алатындардың саны біршама азайған. Мысалы, 2012 жылы оны 5601 адам пайдаланса, былтыр олардың саны 4354 болған. – Көмекке зәру болып келгендер­дің отбасындағы табыс жан басына шаққанда 6456 теңгеден кем болса, атаулы әлеуметтік көмекті қалай бермей отыра аламыз? Біз олардың әкелген құжаттарын ықтиятты зерттеп, тексереміз де, шын мәнінде күнкөрісі төмендеп кеткендерге атаулы әлеуметтік көмекті береміз, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім меңгерушісі Мұратқан Исенбаев. Қостанай қаласының тұрғыны Бақытгүл Қарағұлова да атаулы әлеуметтік көмекті талғажау етіп отырғандардың бірі. Ол күйеуі Қазбек екеуі төрт бала асырап отыр. Атаулы әлеуметтік көмекті күз­ден бастап алып отыр екен. «Бақыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізуші болып істейтін Қазбек машинасын жөндеу кезінде ауыр жарақат алып, жұмысқа жарамсыздықтан біраз уақыт үйінде отырып, емделді. – Серіктестік оған Шымкентке көлік айдап баруды ұсынды. Ден­сау­лығы көтермейтін болған соң, Қазбек одан бас тартты да, амал­сыз жұмыстан шықты. Қазір денсау­лығы жарайтын жұмыс таппай үйде отыр. Жұмыс бергендер бір ай ұстайды да, болмашы ақша бе­ріп, шығарып жібереді. Қазір кәсіп­орындардың көпшілігінде екі бух­галтерия жүргізілетінін кім біл­мейді? Мен үйде баламен отырмын. Балаларға 7360 теңге жәрдемақы аламыз. Ол тамаққа, балалардың киіміне немесе оқу құралына жете ме? Сондықтан амалымыз таусылып, атаулы әлеуметтік көмекке жүгіндік. Жәрдемақы мен атаулы көмекті қосқанда үйге ай сайын 13-14 мың теңге кіреді. Барынша үнемдейміз. Кішкентайымыз әлі екі жаста, мен жұмысқа шыққан соң, әрине, жағдайымыз түзеліп қалар деп ойлаймын. Ал әзірше атаулы әлеуметтік көмектің сәл де болса пайдасын көріп отырмыз, керек нәрсе деп ойлаймын, – дейді Бақытгүл. Немерелерінің жағдайын ойла­ған анасы Қарағұловтарға пәтерін босатып беріпті. Ауылдан азық-түлік ептеп келіп тұрады екен. Отба­сының табыстан қиналып отырса да, тапқанын балаларының аузына тосып, сабағын қадағалап, олардың тәрбиесіне жіті қарайтыны қуантады. Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы жалғыз өзі екі бала тәрбиелеп отырған жас ана Сәуле Кенебаева да атаулы әлеуметтік көмекке ризалығын айтып отыр. – Халыққа қызмет көрсету орта­лығында қызмет істейтінмін. Жоғары білімім бар. Ата-анам жоқ. Үлкен қызым 13-те, кіші балам екі жаста. Оның әкесі әкелік мейі­рім­нен ада болып шықты. Бала туған соң кетіп қалды, қайда екенін де білмеймін, алимент алмаймын. Бала алты айға толған соң жұмысқа шыққанмын. Бірақ тым ерте шыққан екенмін, сәбиім ауыра берді. Бастығыма айтып, амалсыз қайтадан үйде отыруыма тура келді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша коммуналдық үйден пәтер алғанмын, оған ай сайын төлеуім керек. Үш ай болды, ешқандай табыс жоқ. Қыс бойы ауылдан туысқан апамның беріп жіберген азық-түлігімен өлместің күнін кештім. Атаулы әлеуметтік көмекті сәуір айынан бастап аламын. Балам өсіп, жұмысқа шықсам, мұндай көмектің қажеті болмай қалады. Ал қазір маған бұл балаларымның қарны ашпас үшін өте қажет, – дейді Сәуле. Қалаларда осындай тұрмыстың ауыртпалығын тартып отырғандар кездескенімен, атаулы әлеуметтік көмекті алатындардың дені ауылда екен. Мұратқан Исенбаевтың айтуынша, көмектің бұл түрін қалада – 1779, ауылда 2575 адам алады екен. Осыған қарағанда ауылдағылардың төмен тұрмысы атаулы әлеуметтік көмекті сұрауға мәжбүр етеді деген ой келеді. Ауыл­дағы шаруашылық нысандары сол жердегі тұрғындардың барлығын бірдей жұмыспен қам­ти алмайды. Соңғы жылдары, әсіре­се, облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерде жайылым мен шабындықтың аздығынан тұрғындар қолда мал ұстаудың пайдасынан шығыны көптігін сезініп отыр. Көп жерде мал ұстамай, сүті мен айранын дүкеннен сатып алатындардың қарасы көбейіп келе жатқаны байқалады. Баққан малды сатудың, ақшасын шығарудың өзі қазір оңай шаруа емес. Биыл күзде, қыста еттің бағасы тым арзандап, ауылдағылардың баққан малы алыпсатарлардың қолында тиын-тебенге кетті. Осындай жағ­­дай кейде ауылдағылардың тұр­мы­сын төмендетіп жіберетіні бар. Алайда, Меңдіғара ауданын­да­ғы ірі шаруашылық басшысы, «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың пікірі басқа. – Ауылда жұмыс жоқ дегенге сенбеймін, жұмыс бар. Ауылда сәуірден бастап қарашаға дейін қызған тірлік емес пе? Бірақ, жа­сы­ратыны жоқ, жұмысқа зау­қы соқпайтындар жеткілікті. Нау­қан кезінде күзетке адам тап­­пай­­­мыз. Қазір бала-шағасы көп, бірақ сол үлкен отбасының жауап­кершілігін түсінбейтін азаматтар бар. Түсінбейтіні – арақ ішеді. Арақ­қа әуес адам жұмысты да қатырмайды. Сондықтан, тапқаны бала-шағасына жетпеген соң атау­лы әлеуметтік көмекке алақан жая­ды. Атаулы әлеуметтік көмекті түбірінен қайта қарау керек дер едім. Бізде бюджеттің қаражаты текке шашылатын мәселелер бар. Соның бірі осы атаулы әлеуметтік көмек. Екіншіден, жұмыссыздарды қоғамдық жұмысқа тарту да бюджет қаражатын текке кетіру. Жұмыс­сыздарды негізінен айналаны тазарту жұмыстарына жегеді. Бір адам сыпыратын, қоқысын жинайтын жерде қосарланып бес әйел жүреді. Әркім, әр ұжым айналасын өздері сенбілік жасап, тазартуға да болмай ма? Біз осы жұмысқа миллиондап ақша шығарамыз, – дейді Сайран Бәлкенұлы. Жұмысшы мамандықтарының қалада да, ауылда да тапшылығы жиі айтылып жүр. Мысалы, қазір ауылдағы ең қат мамандық токарь­ды шаруашылық иелері шам алып жүріп таппайды. Қарама-қай­шы­лық­ты қараңыз, ауылға бір жағы­нан жұмысшы кадрлары, басқа да мамандықтар жетпейді, екіншіден, атаулы көмекке алақан жаятындар дайын тұрады. Атаулы әлеуметтік көмекті қайта қарау үшін ауылдағы да, қаладағы да жұмыспен қамту, ауылда әр отбасының мал ұс­тауына, бақша салуына жағдай жасау, мал өнімдері мен шаруаның тағы да басқа өндірген ауылшарашылық өнімдерінің өтімі, бағасы секілді көптеген мәселелер шешімін табуы тиіс. Сайран Бәлкенұлының айтуынша, атаулы көмек пен қоғамдық жұ­мыстарға төленетін ақша ауру ба­лалар мен мүгедектерге, жалғыз­басты аналарға берілуі тиіс. Жарат­қан ием екі қол, екі аяғын бүтін ет­­кен, тепсе темір үзетін әр азамат атау­­л­ы әлеуметтік көмекті алудан ұялса игі. Талпынған жанға жұ­мыс жоқ деген пікірмен бүкіл ғұ­мы­ры ауыл­да, еңбекпен өтіп келе жат­қан, маңдай терінің өтеуі секілді Қа­зақстанның Еңбек Ері атағын елі­­мізде алғашқы алғандардың бірі Сай­ран Бұқанов ешқандай сенер емес. Адамдарды атаулы әлеуметтік көмекке алақан жайдыруға апаратын не? Олардың еңбегін жейтін, жалақы­сын дұрыс төлемейтін жұ­мыс берушілер ме, әлде желкедегі жалқаулық, жауапсыздық па? Осы екі берекесіздіктің екеуін де жоқ­қа шығаруға болмайды. Атаулы әлеуметтік көмекті қайта қарамастан бұрын қоғамдағы масылдыққа қар­сы күрес күшей­тілуге тиіс. Сонда бюджеттің қар­жы­сы да өз орнына жұмсалады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.
Бөлісу:
Атаулы әлеуметтік көмек керек пе? · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар