Жаңалықтар
3 мин оқу 223

Жалпы отырыста көп ойлар айтылды

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төраға­лығымен өткен жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің экспорттық бақылауының бірыңғай тәртібі туралы келісімнің күшін жою туралы» заң жобасын мақұлдады. Қосымша баяндама жа­са­ған Ха­лық­аралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің мүшесі Абай Тасбо­латов, ЕурАзЭҚ-қа мүше мем­лекеттердің ау­мағы арқы­лы қозғалысы кезінде транс­ше­каралық бақылаудың болмауы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екен­дігін атап өтті. Мұндай тауарлар оларды террорлық әрекетке пайдалану мүм­кіндігі тұрғысынан қауіпті болып табылады. Сонымен қатар, келісімнің 19-бабына сәйкес, оның кү­ші қару-жарақ пен әскери тех­ни­каға, сондай-ақ, әске­ри мақсат­та­ғы өзге де өнімдерге қа­тысты сырт­қы экономикалық қызметке қолданылмайтынын атап өту қажет. Жалпы отырыста Мәжіліс, сон­дай-ақ, «Қазақстан Респуб­ликасы мен Өзбекстан Рес­пуб­ликасы арасындағы стра­те­гиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл шарт 2013 жылдың 14 маусымында Ташкентте жасалған. Оның талаптарына сәйкес та­рап­тар өздерінің қарым-қаты­настарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік негі­зінде қалыптастыратын болады. Бұл жайында жалпы отырыс­та Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Оразкүл Асан­ғазы айтып берді. Тараптар екеуінің де қауіпсіздігі мүд­де­леріне немесе олардың бірінің қауіпсіздігі мүдделеріне теріс әсерін тигізуге ықпал ететін ахуал туындаған жағдайда, өзара ке­лісім бойынша мұндай ахуалды реттеу жөніндегі ұстанымдарын келісу және прак­тикалық ша­ра­ларды үйлестіру үшін кон­суль­тациялардың тиісті тетігін қол­данады. Тараптар өзара тиімді сауда-эко­но­микалық және мұнай-газ ынтымақ­тастығын кеңейту әрі тереңдету жөнінде қажетті ша­раларды қабылдайды, сенім­ді және қауіпсіз көлік дәліз­дерін жасауды қолдайды, транс­шекаралық өзендердегі жаңа гидротехникалық құрылыстар са­луды қоса алғанда, су-энер­гетика саласындағы бар­лық мәселелерді шешуді көз­дей­тін Орталық Азиядағы су пай­да­ла­ну­дың әділ жүйесін дамытуға қатысты бірың­ғай келісілген ұстанымға қол жеткізеді. Шартқа сәйкес тараптар әс­кери және әскери-техникалық салаларда, азаматтық қорғаныс саласында ынтымақтасады, сондай-ақ, ғылым мен техника, денсаулық сақтау, білім бе­ру және мәдениет, туризм мен спорт салаларындағы ынты­мақ­тастықты көтермелейді. Депутаттар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйе­сін құру туралы келісімді рати­фи­ка­ция­лау туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Келісім жоғарыда аталған жүйені, ТМД-ға мүше-мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғанысының Бірыңғай өңірлік жүйесін құрудың құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл жөнінде жалпы оты­рыста Мәжілістің Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитетінің төра­ғасы Мәулен Әшімбаев түсініктеме жасады. Отырыста палата «Қазақстан Рес­публикасының ішкі істер органдарының қызметі туралы» заңның жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім берді. Сонымен бірге, оның ілеспе түзетулеріне де келісті. Жалпы отырыста, қалып­тас­қан дәстүр бойынша, бірқатар депутаттық сауалдар жолдан­ды. Олардың біразы балалар туралы ұлттық банк құру мә­се­лесі мен ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған балалар жағ­дайы, Паралимпиялық жә­не Сурдалимпиялық жеңім­паз­­дарды марапаттауды Олим­­пия ойындарының жеңім­паз­дарымен теңестіру, т.б. мә­селелерді қозғады. Ком­му­нал­дық қызметті төлеуге арналған тұрғын үй жәрдемақысына қа­тысты да мәселелер көте­рілді. Дәл осы міндетті бірнеше мемлекеттік орган қатар ат­қа­рып отырғандықтан, күрделі жағдай қалыптасқан. Тұрғын үй жәрдемақысын берудің тиісті қағидаттарын Өңірлік даму министрлігі дайындайды, ал жәрдемақыны тағайындаумен және төлеумен жергілікті ат­қарушы органдар айналысады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­тр­лігі мемлекеттік бақылауды жүзеге асы­рады. Осының барлығы түйткілді проб­лемалардың қордалануына алып келіп отыр. Мәжілісмендердің пікі­рін­ше, Үкімет аз қамтылған тұр­ғындарды тұрғын үй жәр­­демақысымен кеңі­нен қам­тамасыз етудің барлық шараларын қолға алуы керек. Аталған мәселенің маңыз­ды­лығына тоқталған Нұрлан Нығма­тулин: «Ең бас­тысы, тұр­ғын үй жәрдемақысы қолжетімді болуы керек, ал оның орындалуы жағдайы төмен тұрғындарды кеңі­нен қамтуы қажет. Ал әлеу­меттік көмектің осы түрін алу­ға құқылы азамат тиісті органдар жұмы­сының жүйесіздігіне тәу­елді болмай, мүмкіндікті толықтай пайдалануға тиіс», – деп атап өтті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Бөлісу:
Жалпы отырыста көп ойлар айтылды · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар