Майами турнирі: Михаил Кукушкин екінші айналымға өтті
<p style="text-align: justify;">Қазақстандық, әлемнің 159-ракеткасы Михаил Кукушкин Майами ATP Masters 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
Негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан қосылған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 42-ракеткасы, нидерландылық Ботик Ван де Зандшульппен күш сынасты. Қарсыластар бұған дейін бір рет кездесіп, онда М.Кукушкин жеңген еді. Бұл жолы Михаил 6:4, 6:4 есебімен басым түсті. Бір сағат 51 минутқа созылған матч барысында М.Кукушкин эйс жасамағанымен, 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Қарсыласы 4 эйс, 1 брейкпен (12 брейк-пойнт) шектелді.
М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 13-ракеткасы, америкалық Тэйлор Фрицпен шеберлік байқасады. Т.Фриц жуырда Индиан-Уэллс мастерс турнирінде үздік шыққан еді.
Майамиде қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында бастапқы бәсекелерінде испаниялық Фелисиано Лопес – грекиялық Стефанос Циципастан 6:7 (2:7), 4:6 есебімен жеңіліп қалды.