Жаңалықтар
2 мин оқу 1,202

КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТАҒДЫРЫ АЛАҢДАТАДЫ

Елбасының Мұнай және газ министрлігін құру жөніндегі Жар­лығы дер кезінде уақыт үрдісінен туындаған орынды шешім болды. Еліміз үшін қазіргі таңда мұнай мен газ басты байлығымыз, рес­публика бюджетінің басым бөлігін осы сала толтырып отырғандықтан, сала жұмысына халқымыз үлкен үмітпен қарап, үлкен сенім артады десем, артық айтпаған болар едім.

<!--more-->Бәрімізге мәлім, Қазақстан Респуб­ликасында көмірсутектердің негізгі қорлары еліміздің батыс аймақтарында, оның ішінде Атырау облысында орналасқан. Жалпы, көлемі 1 млрд. тонна мұнайды құ­рай­тын 75 кен орны бар, оның ішінде қор көлемі 846 млн. тон­наны құрайтын 39 кен орны өңделу үстінде, 7 кен орнында дайындық жұмыстары жүргізілуде, 24 кен орны барлауға дейінгі жұмыстар сатысында.

Дей тұрғанмен де, облыстың ауа бассейнін ластаудың негізгі үлесі (80-85%) мұнай өндіру және мұнай өңдеу кәсіпорындарының үлесіне тиеді. Кас­пий аймағының эколо­гиялық жағ­дайы атыраулықтарды қатты алаңдатуда.

Сонымен қатар,   елімізде 2020 жылға дейін көмірсутегін өндіруді 150 миллионға жеткізетін болсақ, оның жартысы  Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнынан алынбақ. Биылғы жылы АДЖИП-тің  Қара­батандағы мұнай өңдеу кешенінің құрылыс-монтаж жұмысының аяқталуына байланысты, 9,5 мың адам жұмыстан қысқартылады, оның 6,5 мыңы – атыраулықтар. Осыған орай мынадай сауалдар туындайды.

Біріншіден, бұл жұмыссыз қалған­дардың тағдыры не болмақ?

Екіншіден, Каспий теңізі жаға­лауында орналасқан елді мекендердің,  Атырау қаласының экологиялық жағдайын жақсартуда қандай шаралар қолға алынып отыр?

Үшіншіден, Солтүстік Каспий кешені Қашаған жобасында 10 км-ден астам тереңдіктен алынатын мұнайдың күкірттілігі 25 пайыз, қысым 940 атмосфера, бұл – Теңіз кешенінен 35 есе көп деген сөз. Егер авариялық жағдай туындар болса, Каспий теңізінің тағдыры не болмақ?

Осы сауалдар салалық министр­ліктегілерді бей-жай қалдырмайды ғой деп ойлаймын.

Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Мәжіліс депутаты.

Бөлісу: