Аймақтар
2 мин оқу 960

Ойылға су келіп жатыр

<p style="text-align: justify;">Мұнайлы өңір жұртшылығы Жайық, Қиғаш, Ойыл өзендерінде судың мол болғанын қалайды. Алайда адамның қалауы үнемі орындала бермейді. Бірнеше жыл қатарынан Жайық пен Ойылдың арнасына жеткілікті су жетпеген еді.</p>

Ойылға су келіп жатыр

Жұрт Жайық пен Ойыл өзе­нінің мүшкіл ахуалына алаң­дап отырғанда, шағын өзен қатарындағы – Ноғайты тосын мінез танытты. Ақтөбе облысынан бастау алатын бұл өзен Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылы арқылы ағып, Қоңырсай өзеніне құйылады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қыз­метінің мәліметінше, 29 наурызда 23.00-де Сағыз ауы­лының тұрғынынан Ноғайты өзенінде су тасу қаупі төнгені туралы хабар түскен. Ал 30 наурызда сағат 22.00 шамасында өзен тасып, су деңгейі 3 метрге жеткен. Осыған байланысты Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің жетекшілігімен құрылған арнайы штаб Сағыз ауылына келді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Сағыз ауылындағы 20-дан астам үйді су басу қаупі туындаған еді. Қауіпсіздік үшін су басуы мүмкін үйлердің тұрғындары №9 орта мектеп пен колледжге эвакуацияланды. Жергілікті әкімдіктің тиісті жұмыстарды жедел қолға алып, тұрғын үйлерді су басу қаупі жойыл­ды. Өзен жағасын бекіту жұ­мыстарына 20-ға жуық техника тартылып, әкімдік қыз­меткерлері, ауыл тұрғындары, өзге де мекемелер өкілдері мен еріктілерден құралған 200-ден астам адам жұмылды. Сағыз ауыл­ы тұрғындарының айтуын­ша, Ноғайты өзені биылғы ақ­паннан бері үш рет тасыған.

Соңғы төрт-бес күннен бері Ойыл өзеніне су келіп жатыр. Болжамды су көлемі 32-48 млн текше метрді құрауы мүмкін. Қазір Ералы су торабының төрт қақпасы ашылған.

«Биылғы 1 сәуірде «Қазсушар» РМК Қызылқоға бөлімшесінің бастығы Сайлаубек Темірғалиевпен бірге жағдайды бағалап, шешім қабылдау мақ­сатында Ералы су торабы, Ойыл өзенінің аумағы күнделікті ба­қылауға алынды. Миялы ауылын­да 1,5 шақырым, Жангелдин ауылын­да 2 шақырым, Жасқайрат ауылында 1,4 шақырым, Аққора ауылының тұсында 600 метр бөгетті тегістеу, қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Бұл жұмысқа 11 техника тартылды. Ауылдардың тұр­ғындары, еріктілер мен жас­тар бөгет тұрғызу үшін 1 мың­нан астам қапшыққа құм толтырды. «Қайнармұнайгаз», «СағызПетролеум» кәсіпорын­дары қосымша техникалар бөлді», деп хабарлады аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Атырау облысы

Бөлісу:
Ойылға су келіп жатыр · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар