Жансая Әбдімәлік Алматы шахмат федерациясының президенті атанды
<p style="text-align: justify;">Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік Алматы шахмат Федерациясының президенті атанды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
«Федерацияның 2024 жылға дейінгі жоспарында төрт негізгі бағытты дамыту көзделіп отыр. Атап айтқанда, қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту, мектептерде шахмат үйірмелерін ашу, спорттағы жоғары жетістіктерді қалыптастыру, сондай-ақ ардагерлерді қолдау», деді Жансая Әбдімәлік.
Федерация алматылықтар үшін шахмат мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Таяудағы үш жылда бір мезгілді ойынның ашық сеанстарын, Алматы және басқа қалалар құрамалары арасында турнирлер ұйымдастыру, сондай-ақ саябақтарда, аулаларда, ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда жаңа шахмат аймақтарын құру жоспарлануда.
«Жалпы білім беру мекемелерінде шахмат сабақтарын енгізу тәжірибесі Ұлыбританияда, АҚШ-та, Түркияда бұрыннан қолданылып келеді. Ал Армения шахматты міндетті мектеп бағдарламасына енгізген әлемдегі алғашқы ел болды. Алматылық оқушылар үшін бұл одан әрі интеллектуалды дамуға қолайлы жағдай жасайтыны сөзсіз», деді федерация президенті.