Ақордада ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді
<p class="p1" style="text-align: justify;"><span class="s1">Президент</span><span class="s2"> Рамазан айында арнайы дастарқан жайып, ауызашар берді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. </span></p>
Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде бұл игі дәстүрдің халықты береке-бірлікке шақыратынын атап өтіп, әділетті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды.
«Жақын арада Конституциямызды өзгертетін болдық. Бірақ, ең алдымен, жұртымыздың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Алдымызда көптеген түйткілдер бар, сондықтан бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек. Ең бастысы, ниетіміз таза, пейіліміз түзу болуға тиіс. Бір-бірімізге жанашырлық танытуымыз керек. Қазір бүкіл адамзатқа дәл осындай қасиеттер жетіспей жатыр», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға дұрыс бағыт-бағдар берілуі керек екенін, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл жастар ғана келешектің иесі болатынын ерекше атап өтті. Президенттің пікірінше, жастарымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, қазіргі заманның ғылым-білімін игеруі айрықша маңызды.

Мемлекет басшысы ислам дінінің өркениет құндылықтарын, бейбітшілік ұғымдарын насихаттайтынын атап өтті.

«Жұртымыз қашанда бейбіт өмірді бағалай білген. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Ол үшін елімізге береке-бірлік, өзара түсіністік қажет. Ислам адамдарды бөлінуге емес, бірлікке шақырады. Имандылық – ең асыл қасиет. Сондықтан, дәстүрлі дініміз ұрпақ тәрбиесінің өзегі болуы керек. Ұрпаққа осындай өнегелі тәрбие беру – бәріміздің ортақ міндетіміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауызашар барысында Мемлекет басшысы елімізге татулық пен тыныштық тіледі.

