Аймақтар
3 мин оқу 680

Құралай өрген барқытбел

<p style="text-align: justify;">Өңірде қоңыр аңды суық көздің сұғынан, аңшының қандауыз мылтығының қарауылынан қорғайтын &laquo;Киік&raquo; акциясы ұйымдастырылды. Мамандардың есептеуіне қарағанда, желдей еркін, сары сағымдай азат киік саны кейінгі жылдары күрт көбейіп келеді.</p>

Құралай өрген барқытбел

Көз ұшына қара ілінбейтін Жақсының жалпақ даласы. Көзі жіті адам ту-ту алыстан ора­ғытып, ақ шілтерлі Арқа са­ғы­мы­ның етегінен шығып, жөң­кіліп бара жатқан ұлы көшті аңғарар еді. Киік көші, киік табыны. Өңірде Жақсы, Атбасар, Егіндікөл, Қорғалжын аудандарында соңғы жылдары киік басы көбейді. Енді мамыр айының орта шенінде «құралайдың сал­қыны» басталады. Міне, сол сәтте Егіндікөл ауданының жал­пақ жоны құтты киіктердің перзентханасына айналмақ. Неге екенін кім білсін, әлденеше аудан­ның аумағында желмен жарысып жүрген киік біткен осы арада то­қай­ласпақ. Тылсым табиғаттың біз түсіне бермейтін бір жұмбағы.

– Осы акция барысында біз киік көп жүретін аумақтарды кірпік қақпай күзетеміз. Негізгі күшті Егіндікөл ауданын­дағы киік төлдейтін жерге жұ­мыл­дырамыз. Ұлттық байлықты ерек­ше бақылауға алмай бола ма? – дейді облыстық орман ша­руа­шылығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Тұрымбаев.

Соңғы санақ бойынша сол­түс­тіктегі төрт облыстың төңі­регінде 285 мыңға жуық киік бар. Бір дәтке қуаты, соңғы үш жылда киелі киік­ке мылтық кезеніп, бағалы мүйізін пайдаға жарату дерегі тіркелмеген.

– Киіктерді қорғау үшін заң қатайғалы қылмыс та күрт азайды, – дейді инспекция басшысының орынбасары, – заң бойынша киік атқандар үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айы­рылады. Облыста екі бекет ұйым­дастырылған. Бұл жерде кезек­шілік қолға алынып, бірнеше топ жұмыс істейді.

«Киік» акциясы ұзын-ырғасы бір айға дейін жалғасын табады екен. Оған дейін құралай да аяқтанып кетеді. Киік табыны мол болғанымен, жаппай төлдеу небәрі екі-үш күнге ғана созылады. Кәнігі мамандардың айтуына қарағанда, оның өзіндік сыры бар. Ең бастысы, өзге жа­нуар­лардай емес, киік кез кел­ген құралайды емізіп, бауырына ала бермек. Сондықтан жал­пақ жондағы мыңғырған табын ішінде жетімсіреген құралай болмайды. Тағы бір айта кетуге тұрарлық қызықты жай. Мамыр айының ортасы ауғанда ел аузын­­да «түйетабан» деп аталатын өсімдік бүр жармақ. Жап-жалпақ, сәл жасылдау, негізінен қызғылт түсті жапырақтары әлі еркін аяқ­тана қоймаған құралайларды сырт көзден жасырып тұрмақ. Ай­сыз қараңғы түнде жарты бидайды көре алады дейтін қас­қырдың өзі құралайды көре алмай қалады екен. Табиғаттың жана­шыр пейілінің ғажаптығын айтсаңызшы. Ендігі бір кереметі, құралайлар аяқтанған соң әлгі жанашыр түйетабанның қауызы тарылып, біржола жабылып, көз­ден таса болады.

Ал құралайдың салқыны басталған кезде күн ересен суыт­пақ. Дәл осы кезде жемтік із­деген жыртқыш та бұйығы күйге түсіп, апан түбінде жатады. Ежел­гі аң­шылардың айтуларына қа­рағанда, құралайдың аман қалуына бұл да сеп. Әлгі бұйығы кейіп үш-төрт күнге созылса жетіп жатыр. Бойы тез ширап, тез жетілетін құра­лай аяқтанып кеткен соң аттылы адамға жеткізбей, атқан оқтай зулай­тын болады.

Киелі жануар туралы көп­тің есінде сақталған ескі әңгі­мені кө­ңіл таразысына салып бағам­дағанда, бір-бірінің лағын емізе беретіндігі қайран қалды­рады. Бауыр­малдылық пен жана­шыр­лық­ты киіктен үйренуіміз керек шығар.

Бөлісу:
Құралай өрген барқытбел · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар