Елорда
2 мин оқу 331

«Абай жолымен» концерті

<p style="text-align: justify;">Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің концерт залында Абай облысының Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы елорда жұртшылығына &laquo;Абай жолымен&raquo; атты шығармашылық бағдарламасын ұсынды.</p>

«Абай жолымен» концерті

Бұл аты мен заты ерекше концерт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен құрылған Абай об­лысының ресми ашылуы кезеңіне және әлемдік дең­гей­дегі заңғар жазушы Мұх­тар Әуезовтің туғанына 125 жыл тоуына арналды.

 «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, дәл сол күні Еуразия университетінің әлемдік QS World University Ran­kings рейтингі бойынша 277 орынды иеленгені мәлім етілді. Дүниежүзінің үздік 3 мың уни­верситеті арасынан осылай ал­ғы шептен көріну – тамаша жетістік! Бұл – Қазақстан жоғары білімінің абыройы.

Жаңа Қазақстанмен бірге қайта жаңарған Абай облы­сындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филар­мония – 77 жылдық тари­хы бар өнер ұжымы. Әу баста оның іргетасын қала­ған ән­ші-күйшілердің шығар­ма­шы­лығын классик-жазушы Мұх­тар Әуезовтің өзі тамаша­лап, жоғары баға бергені де мәлім.

Өнер ұжымы кейін, 1965 жылы «облыстық мемлекеттік филармония» мәртебесін алды. 1969 жылдан атақты әнші Әміре Қашаубаевтың есімін ие­ленді. Аталған мемлекеттік филармонияның тарихы мен өнер тағылымы айрықша. Мә­дениет Ешекеев, Болат Сы­банов, Дауыл Хайруллин, Кел­денбай Өлмесеков, Роза Бай­далина, Мәулен Масалимов, Мархаба Керімқұлова, Сағи Ме­кішов, Мырзағали Ай­да­бо­лов, Рахымбек Ноғайбаев, Жолдыбай Дәстенов, т.б. бұ­рынғы-кейінгі семейлік шығар­машыл тұлғалардың есімі отан­дық мәдениет тарихына енгенін мақтанышпен айтуға болады.

Соңғы жылдары филармонияны басқаруға ЕҰУ-да қызметте шыңдалған Қазақ ұлттық музыка акдемиясының түлегі, мәдениеттану магистрі, танымал күйші Айбек Бекбосын басқарып жүр.

«Абай жолымен» концер­ті аталған филармо­нияның «Бибігүл қазақ халық аспаптар оркестрі» сүйемелдеген А.Бекбосынның ұлы Абай мен оның ақындық айналасына, даңқты абайтанушыларға ар­налған «Телғара» күйімен ашылды. Жиналған елорда зиялылары мен оқытушы-ғалымдар сахнада өнер көрсеткен дирижерлер – Нұрлан Төкей, Әділет Серіков, әншілер – Мапруза Өтуленова, Еркебұлан Мұсаев, Гүлдана Ноғайбаева, Әйгерім Тоқтыбаева, Әйгерім Әшірова, Дина Исбекова, Кенжегүл Ақ­шекина, Жасұлан Тәжиев, домбырашылар – Әділет Се­ріков, Ерзат Мағуфаров, Думан Нұрқамысов, Ерболат Талапхан, т.б. ізденісі мен тал­ғамына, сезім пернесін дөп бас­қанына риза болды. Ұлы Абайдан бастап отан­дық композиторлардың, әлем­­дік тұл­ғалар­дың класси­ка­лық мұрасы шыр­қал­ды. Со­нымен бірге Нұрбек Өмір­беков пен «Дала үні» ака­пел­­ласы орындаған М.Ду­лат­­ұлының «Алаш маршы» жұртшылықтың елдік рухын шыңдай түсті.

Ә.Қашаубаев атындағы мем­­лекеттік филармония өнер­дегі және руханияттағы Абай жолын, Мұхтар дәстүрін жаңа деңгейде әкелгеніне куә бол­дық. Кеш соңында университет ректоры Ерлан Сыдықов елорда жұртшылығы атынан Ә.Қашаубаев атындағы мем­лекеттік филармония ұжымына ризашылығын жеткізді.

Бөлісу:
«Абай жолымен» концерті · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар