Бейнелеу өнерінің цифрлануына арналды
<p style="text-align: justify;">Мәдениет және спорт минис­трлігінің қолдауымен «Бу­рабай» демалыс орнында көр­кемдік және білім беру ке­ңіс­тігі аясында заманауи өнер­дің халықаралық ART TALK жыл сайынғы ІІ симпо­зиумының ашылу салтанаты өт­ті. Аталған іс-шара Ақмола об­лы­сының туризмін дамыту мақ­са­тында ұйымдастырылып отыр.</p>

Жоба аясында халықаралық алаңда тәжірибе алмасу үшін жыл сайынғы пленэр мен көрмені өткізу, заманауи өнердің көкейкесті мәселелерін талқылау, сондай-ақ Ұлттық музей қорларын заманауи суретшілердің көркем туындыларымен толықтыру жоспарланған. Симпозиумға Қазақстан, АҚШ, Корея, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен 16 суретші қатысып отыр.
Халықаралық ART TALK жобасының ашылуына құттықтау хат жолдаған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев аталған симпозиум әлемнің әр түкпірінен келген суретшілерге тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін айтқан.
Жобаның биылғы маусымының негізгі тақырыбы жаппай цифрландыру кезеңіндегі ХХІ ғасыр суретшісінің рөліне арналған.
Айта кетейік, халықаралық ART TALK жыл сайынғы ІІ симпозиумы 20 маусымға дейін жалғасады. Ал жабылу салтанаты 21 маусым күні Ұлттық музейде қорытындыланып, суретшілердің жаңа туындыларынан көрме ұйымдастырылады.