Аймақтар
3 мин оқу 560

Маса мазаны ала бастады

<p style="text-align: justify;">Иә, дәл солай. Боран, Қалжыр ауылы тұрғындарына маса маза берер емес. Қан сорғыштар ауыл төңірегінде қара бұлт&shy;тай буып тұрады. Шыдас бермеген ел көшіп те жатыр. Соңғы екі жылда маса тіптен көбейген, ызыңы құлақ тұндырады. Балалар далаға шығудан қалды деседі тұрғындар. Ал &laquo;Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы&raquo; ЖШС мамандары улау жұмыстарын жүргізіп-ақ жатыр. Нәтиже шамалы.</p>

Маса мазаны ала бастады

– Масамен күресті жүйе­лі түрде жүргізіп отырмыз. 5-31 ма­мыр аралығында дер­нәсілдерін уладық. Ал 12 мау­сымнан бас­тап ұшып жүрген масаларды улау­мен әлекпіз. Шама келген­ше, азайтуға ты­ры­судамыз. Енді ұшақ шақыр­тып, бір жүріп өтсе дейміз. Бірақ түп-тұяғымен жоя алмаймыз. Масаның ұясы ыл­ғалды, қамысты, батпақты жерде болады. Сондықтан өзен аң­ға­рындағы шалшық суларды құр­ғату керек, – дейді «Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы» ЖШС-ның бас маманы Бибигүл Батырханова.

Ауылдықтардың айтуынша, Кеңес өкіметі тұсында ұшақпен улап, құстарға дейін қырып салады екен. Әри­не, құстарды емес, терезелер­де киіз болып тұр­ған масалар­ды жою керек. Был­тырлары дельтапланмен у шашып, азайтпақ болыпты. Алай­да еш пайда болмаған. Ұшып жүрген масаларды ғана қырып салған көрінеді. Нәтиже болмаған соң, биыл мамандар қолмен ша­шып улауға кіріскен.

– Күршім аудандық тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы­нан қаржы бөлініп, масаларды улауға көктемде кіріскенбіз. Мынау күннің қапырығында әйелдер тұмша­ланып, у шашып жүр. Қолдан келгенше еңбектеніп-ақ жатыр. Бірақ маңайдың бәрі саздауыт. Меніңше, ғылыми-зерт­теу жүргізіп барып, іске кіріспесек, болмайтын секілді, – дейді Қал­жыр ауылдық округінің әкімі Қуат Қизатов.

Жалпы, дезинфекциялау жұ­мыстарына 18 млн 750 мың тең­ге қарастырылған екен. Оның 10 млн теңгеге жуы­­ғы «Зайсан аудандық дезин­фекциялау станциясы» ЖШС-на берілген. Алға­шында дернәсілдерін «байцидал», «агран» дейтұғын дезин­фек­ция­лық препа­рат­тармен ула­ған. Екінші ке­зеңде «амазан», «цифокс», «фоби» секілді препараттарды пай­далануда. Ал эколог мамандардың пайым­дауын­ша, масаның мұншалықты шектен тыс көбеюі құстардың азайып кеткендігінен екен. Ол да мүмкін. Өткенде орни­толог ғалым Борис Щербаков құстың қай түрі болсын, азайып кеткендігін айтып дабыл қаққан. Бәлкім, округ әкімі айтқандай, жедел түрде ғы­лыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізілуі керек шығар. Әйтпесе, улап тауысу мүмкін емес, рас.

Әдетте ел жаз шықса қуа­нар еді. Ал Қалжыр, Боран жақ­­­тың тұрғындары алаңдай бастайды. Ала жаздай маса­ның ызыңы құ­лақтан кет­пей­ді. Ызыңын қойшы, инфекция ­таратуы әбден мүмкін. Қала бер­ді малдың жайылуы қиында­ған. Таңертең, кешке сиыр сауу да әуре екен. Түтін салады, химиялық заттарын шашқан болады. Қайран жоқ.

– Маса дегенге мән бер­мей­тін де шығар жоғарғы жақ. Бірақ буып тұрған маса бізді әб­ден қажытты. Далада жүру мүмкін емес. Сенесіздер ме? Қал­жыр мен Қара Ертістің ортасында отыр­мыз. Масаның ордасы. Ба­ланы қойып, өзіміз далаға шы­ғу­ға тартыншақтаймыз. Бет соға­ды. Түк қалдырмай талайды. Шө­бімізді қалай шауып ала­мыз, біл­меймін. Былтыр да осы­лай бол­ған. Биыл азаятын шы­ғар де­генбіз. Көбеймесе, азай­ған жоқ. Маса мәселесін рес­пуб­ли­кадағы басшыларға сіздер жет­кізбесеңіздер, аудан мен облыс бас­шыларына дес берейін деп тұр­ған жоқ, – дейді Боран ауылының тұрғыны Гүлжан Сәкенова.

Бұл бір ғана тұрғынның тіле­гі емес, Қалжыр, Боран, Қазақ­стан, Игілік, Жаңа ауыл секілді бірнеше ауыл тұр­ғындарының өтініші, арыз-тілегі. Оның үстіне торғайдай маса бір ғана дезинфекциялау стансасының мамандарына бой бермейтін сияқты.

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы

Бөлісу:
Маса мазаны ала бастады · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар