Аймақтар
2 мин оқу 201

Салғырттық сан соқтырмаса екен

<p style="text-align: justify;">Өскеменде үп еткен желге бола көпқабатты жаңа үйлердің қабырғасы қақырап кете беретін. Оған етіміз әбден үйреніпті. Қалыпты жағдай секілді. Өткендегі дауылда да Әл-Фараби даңғылы бойындағы 36-үйдің сыртқы қаңылтыр қаптамасы жыртылған. Оған бола ешкім елең етпеді. Ал ЖМК шағын ауданындағы темір аялдаманың баланы басып қалғаны көптің наразылығын туғызды.</p>

Салғырттық сан соқтырмаса екен

24 маусым күні Өскеменде жел­дің екпіні 16 м/сек дейін же­тіп, қаланың ойранын шы­ғарды. Ағаштар тамырымен опы­ры­лып, бірнеше көлікті зақым­дады. Зақымдады дегенім, бер жағы. Әйтпесе, жуан терек кей­бір автокөліктерді ортан белінен басып қалып, күл-тал­қан етті. Әсіресе, Гагарин буль­вары, Сева­­стопльская көше­лері тұр­ғын­­дарына құтқару­шылардың көме­гі қажет болды. Ал Гоголь, Ста­ханов­ская, Виноградов, Қазақ­стан, Буров көшелері, Шәкәрім даңғылы бойындағы құлаған ағаш, бұталарды «Таза Өскемен» кәсіп­орнының қызмет­кер­лері тез ара­да тазалап шықты. Дауылдың жой­қын болғаны сондай, электр желі­леріне дейін үзіліп, трамвайлар тұ­са­лып қалған. Бәрінен бұрын аял­дама павильонының велосипедпен кетіп бара жатқан қыз баланы басып қалғанына тұрғындар наразы болды. Дәл осындай оқиға Га­гарин бульварында да бол­ған. Әйтеуір, абырой болғанда бала­лар аман. Медициналық көмек көрсетіліпті. Десе де аял­дама павильонын қабылдап алған құзырлы органдардың салғырт­тығы үшін жапа шеккен 10 жасар бүлдіршіннің анасы Назгүл Маг­затова сотқа беремін деп отыр. Полицияға арызданып та қойған.

– Сол күні полицияға өтініш жаздым. Тіркеуден өтіпті. Балам­ның жағдайы жалпы жақсы. Миы шайқалған, шошынып қалған. Қазір ауруханада жатыр. Кеше «Таза Өскемен» кәсіп­орны шақырды, бардым. Керек жағдайды жасаймыз деп отыр. Бірақ сотқа беремін. Себебі кінә­лілер жауап беруге тиіс. Келе­сіде мұндай салғырттық қайта­лан­басын. Мысалы, арнайы барып, сол аялдаманы көрдім. Түбін бетондап, мықтап бекітіп қойып­ты. Соны бірден неге дұрыс іс­темеген, – дейді Назгүл Магзатова.

Рас, сапасыз құрылыс көп бізде. Қарапайым аялдаманың төрт сирағын бекіте алмаған соң зәу­­лім үйлерге қайдан қадағалау бол­­сын?! Тұрғын үй-комму­налдық ша­­руа­­шылығы маман­дарының пікі­­рін­­ше, қатты жел салдарынан орын алған оқиғаға байланысты тек­­серу жүргізіліп, шалағайлық таныт­­қан азаматтар айыпталатын көрінеді. 

Негізі әу бастан тиянақты ат­қарылуы керек еді. Біреу жапа шек­пейінше неге селт етпей­міз, түсі­ніксіз. Бір күні осы сал­ғырт­тық сан соқтырып жүрмесе етті. Айт­­қандай, ТЖД-сіз дауыл­ды ес­керту туралы «Дәрмен» мобиль­ді қо­сым­­шасынан біле ала­сыз. Егер дауыл болатын болса, қауіпсіз­дік ере­­желерін сақ­таңыз. Құдай сақ­та­сын, төтенше жағ­дай орын ала қалса, 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.

Өскемен

Бөлісу:
Салғырттық сан соқтырмаса екен · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар